×

Федерация басшысы: «Жамбы ату – қолжетімді спорт емес»

Жамбы ату федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді

 Айнұр Шошаева 22.12.2023 | 15:37
фото: Halyq Uni

Бүгінде Қазақстанда жамбы атудан әуесқой деңгейде 134 адам айналысады. Бұған қоса кәсіби түрде айналысатын 13 спортшы бар, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсіміне қатысқан Жамбы ату федерациясының басшысы Еркебұлан Ильясов жамбы ату – ұлттық спорт түрлері арасындағы ең қиыны екенін айтып, оның себебін түсіндірді.

Елімізде жамбы ату спорты қатты танымал деп айта алмаймын. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жамбы ату дегеніміз – аттың үстінде садақ ату. Жануар бар жерде қауіпсіздік мәселесі өзекті. Екіншіден, жылқыны күтіп-ұстау мәселесі бар. Үшіншіден, бұл спорттың ережесін бекітіп, оған 14 жастан бастап қана айналысу туралы талап қойып отырмыз. Одан бөлек, жылқыны ары-бері тасымалдау да оңай шаруа емес, - деді ол.

Федерация жамбы ату спортын дамыту үшін талдау жүргізіп, нақты ұсыныс әзірлегенін айтты. Оның пікірінше, жамбы ату спортын кәсіби, интеллектуалды спорт түріне жатқызу қажет.

«Яғни бұл спорт әркімнің қолынан келе бермейді, бірақ айналысатын болса нақты талаптарды сақтауы керек. Қазақстанда жамбы ату клубтары жеткілікті. Бірақ көп жерде қажетті инфрақұрылым дамымағанын көріп отырмыз. Бірінші кезекте стадиондар мен ипподромдар жоқ. Мәселен, бір жерде ипподром бар, бірақ ат ұстайтын жер жоқ немесе аты бар, ипподромы жоқ. Біздің ережеміз бойынша, жамбы атудан жаттығу жасау үшін кемінде 150 метрлік орын керек. Әрі жаттығу үшін федерациялардың рұқсатын алуға міндетті. Себебі, биыл Жамбыл облысындағы бір ауданда жарыс өтіп, қауіпсіздікті сақтамағандықтан ұлттық құраманың мүшесі аттан құлап, футбол қақпасына соғылып, аяқ-қолын сындырып алған жағдайды болды», - деп толықтырды сөзін.

Федерация басшысы жамбы ату кез келген адамның қолынан келмейді деп есептейді. Оған қоса, қолжетімді спорт түрі де емес.

Жамбы ату әркімнің қалтасы көтере білетін және әркімнің қолынан келетін спорт емес. Себебі жамбы атумен айналысу үшін ат ұстау керек. Жылқының күтімі қаражатты қажет етеді. Одан бөлек спортшының өзінен бөлек, жаттықтырушысының еңбекақысы бар. Сол себепті, көбіне жамбы атумен ауылдағы балалары айналысады, - деді ол.

Қазақстанның жамбы атушылары 2024 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты қаңтар айында бастайды.  

«Жалпы, Қазақстанның жамбы атушылары бабында. Биыл бірнеше отандық және халықаралық чемпионаттарға қатысты. Соның бірі – кеше ғана ұлттық құрама Сауд Арабиясынан екінші орын алып келді. Сондай-ақ Венгрия, Франция, Моңғолия және т.б. елдерге барып қайтты. Жалпы көрсеткішіміз жақсы. Ендігі мақсатымыз – алдағы 2-3 жыл ішінде жастарды көптеп тартып, тәрбиелесек дейміз. Бұл саланың кең насихатталып, дамуы үшін мемлекеттің қолдауы маңызды екені айтпаса да түсінікті. Мәселен, бүгінде жамбы атудан бір жарысты өткізуге кемінде 10-15 млн теңге қаржы кетеді. Биылдан бастап мемлекет қолдауға кірісті», - деді Еркебұлан Ильясов.

Айта кету керек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ ату», «Асық ату» және «JORYQ» ат спорты федерациялары бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама