×

«Қамауда ұстайтын жер жоқ»: Жоғарғы сотта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істер талқыланды

Сот алқасының төрағасы Қазақстанда криминология мектебі қалыптаспағанын айтты

 Айгерім Таубай 30.11.2023 | 15:48
Фото: Halyq Uni

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты жәбірлеушіні қамауда ұстау уақытын ұзартуды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот практикасы мәселелері талқыланды.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексті дамыту керек. Себебі қазір кемшілік көп. Көп істі созып жібереді, «1-2 айдан кейін кел» дейтін жағдай кездеседі. Ол уақытта екі тарап татуласып, сот ол істі қысқартуға мәжбүр болады. Заңда солай көрсетілген. Соны қарастырып, бір шешім қабылдау қажет. Жаза жағына келсек, 1 шілдеден бастап заң өзгертілді. Ол өзгерістегі қамауға алу уақытын аз деп ойлаймын. Әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адамды қамауда ұстау уақытын көбейту керек. Қазір максималды уақыт 30 күн. Қоғамдық жұмысқа тартуды да енгізу қажет», - дейді Әбдірашид Жүкенов.

Оның айтуынша, қазір соттар айыпталушыны қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығармайды. Себебі оның орындалу механизмі жоқ, яғни бір жүйеге түспеген.

Сондықтан Үкімет айыпталушыны қоғамдық жұмысқа тарту тетіктерін қарастыруы қажет, - дейді Жүкенов.

Сондай-ақ Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы құқықбұзушыны қамауда ұстайтын арнайы орынның жоқ екеніне назар аударды.

Оларды қамауда ұстайтын жер жоқ. Қамау үйін 20 жыл бұрын көбейтеміз деген, бірақ 20 жылдан бері бір де бірі салынбады. Жоғарғы сот осы мәселені көтеріп отыр. Қамауда ұстайтын жерді салуға кірісу керек. Себебі қылмыстық әрекет бойынша қамауға алу керек. Қоғамға қауіпті адамдарды оқшаулау қажет. 20 жылдан бері мемлекет «қаржы жоқ» деп келді, бірақ бұған қаржы табу керек, - дейді Жүкенов.

Әбдірашид Жүкенов криминология ғылымының кенжелеп қалғанына назар аударды.

Бұл ғылымды бізде жоқ деуге болады. Ғалымдар жоқ. Криминология мектебі жоқ. Өйткені қазір әкімшілік құқықбұзушылықтардың салдарымен күресіп жатырмыз. Оны алдын ала анықтап, себебін анықтау үшін ғылыми көзқарас пен зерттеу қажет, - дейді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру құрамы қылмыстық кодекстің әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске бірнеше рет ауыстырылды.

«Бұл әкімшілік жауапкершілік шеңберінде осы құқық бұзушылықтардың анықталу деңгейін арттырды. Ал осы әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық санатқа ауыстыруға байланысты өзгерістер, керісінше, елдегі тұрмыстық қылмыстың жағдайына теріс әсер етті. Мәселен, 2015 жылға дейін 3,5-4 мыңға жуық отбасылық ұрыс-керіс шығарушылар денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, ал жаңа Қылмыстық кодекстің қабылдануына байланысты осы көрсеткіш 6 есеге қысқарып, 700-750 тұрмыстық  ұрыс-керіс мөлшерінде болды», - деп хабарлады Жоғарғы сот.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

Астана полиция департаменті әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу қылмсытық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды. Осы жағдайдан кейін қазақстандықтар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтере бастады. Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, көпшілік тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйелді кінәлауға тырысады.

«Зорлық-зомбылықты ақтап жатқан адамдардың 99%-ы – зорлық-зомбылық жасап жүрген және соған бейім адамдар. Өйткені олар соны істеп жатыр. Таяқтың ұшы өздеріне тимесін деп, ақтау әрекетін жасап жатыр. Олар да әйелін ұрады, зорлық-зомбылық көрсетеді, бәрін өзіне бағындыруға тырысады. (...) Ер адам «әйелдің сөзіне қарсы иммунитетім әлсіз, эмоцияма ие бола алмаймын, өзімді ұстай алмаймын» деп жатқан жоқ. Керісінше, «әйел мені арандатты» дейді. Яғни, біреуді кінәлау, айыптау – жауапкершіліктен қашудың жолы», - дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Мамандардың айтуынша, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құзырды органға жүгінетіндер көбейген. Сол себепті ақпарат беру, хабарлау мәдениетін қалыптастыру қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама