×

«Эгоист балаларды өсіріп жатырмыз»: Ләззат Қожахметова азаматтық некенің қиындықтарын айтты

Ақырында бала білімді боп өскенімен бір-бірімен үй боп тұруды білмейді

 Ербол Тұрымбет 21.11.2023 | 14:00
фото: dknews.kz

Қоғамда көбейген азаматтық некенің кесірінен балаларда Әкеге деген құрмет қалмайды. Әкесі де өз баласын мойындамайды әрі фамилиясын бермейді. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, «Talbesyk» көпбалалы аналар одағының төрайымы Ләззат Қожахметова осындай мәселе көтерді. Оның айтуынша, бала тәрбиесінде Ана мен Әке тақырыбы шет қалып, білімді азаматтар бір-бірімен үй болып тұруды білмейтін жағдайға жеткен.

Ол мұндай мәселенің түп-төркінін азаматтық некеден көреді. Себебі қоғамда дәстүрге енген азаматтық некеде ердің де, әйелдің де құқы тең.

Бірақ, өкінішті жағы, қазіргі азаматтық неке көбіне 40-тан асқан азаматтарда, көпбалалы отбастарының арасында белең алып жатыр. Бір баласы бар отбасы азаматтық некеде түрса, ол отбасын жарасымды жұп деп айтуға болады, олар тату шығар, бақуатты тұрып жатқан шығар. Бірақ бала дүниеге келгеннен бастап бұл отбастары өздерінің статусын өзгерту керек деп есептеймін, - дейді ол.

Мәселен, оның сөзінше, бізде 4 баласын, 5 баласын бірге дүниеге әкелген отбастары бар. Бірақ олар заңды некеде емес. Себебі мемлекеттен жалғызбасты ана ретінде кезекпен үй алу үшін, АӘК бар, сондай уақытша игіліктерді алу үшін өтірік ажырасу және некеге тұрмау деген үрдіске айналды. Дегенмен АӘК деген уақытша ғана беріледі. Ал үй кезегінде 10-15 жыл тұрады.

Осы уақыт аралығында азаматтық некеде дүниеге келген балалардың бәрі шешесінің фамилиясында болады. Жалпы мұндай жалған ажырасқандарды да толық емес отбастары деп айтады. Қоғамдық белсендінің сөзінше, шешесінің фамилиясын алған балаға халыққа қызмет көрсету орталығында 04 деген үлгідегі жалғызбасты ананың баласы деген мәртебе беріледі. Әкесі деген графада ештеңе жазылмайды.

Енді әкесімен бірге тұрып, ол әкесі отбасын жақсы қаржыландырып, тату-тәтті отбасы болып отырғанымен бала толыққанды әкем бар деп мақтана алмайды. Өйткені, әкесі мен шешесі үй кезегін күтіп отыр. Міне, осындай отбастары көбейіп бара жатыр. Бұл отбастарында тәрбиеленген балалар ертең Отан алдындағы борышын шешесінің фамилиясымен барып өтеп келеді, немерелері шешесінің фамилиясын алады. Бұл отбастарында әкеге деген еш құрмет болмайды, - дейді ол.

Соның ақыры, әке өз баласын мойындамайды да фамилиясын бермейді және әйеліне заңды түрде үйленбейді.

Ләззат Қожахметованың айтуынша, жуырда болған, Салтанат Нүкенованың қайғылы оқиғасы тағы бір мәселенің бетін ашып беріп отыр. Бұған дейін біз зорлық-зомбылық тұрмысы төмен отбастарында болады деп ойлайтын едік. Себебі, үй жалдауға, баласына киім алуға, тамақтандыруға ақшасы жетпейтін отбасында кикілжің болады. Соңы зорлық-зомбылыққа апарады.

Оның мысалы, қазір біз үлгілі отбастарының ішінде де тирандардың шығып жатқанын көріп отырмыз. Қоғамда беделді, отбасына қамқор болған әкенің баласы зорлық көрсетіп жатыр. Яғни, зорлық-зомбылық тек әлеуметтік осал топтарда ғана емес, бақуатты отбастарынан да шығып жатыр.

Неге? Себебі, қоғам белсендісінің сөзінше, соңғы 10-15 жылда қоғамда игіліктер өзгерді. Балаларымызды жан-жақты білімді болса, бірнеше тіл меңгерсе, әуеннен, спорттан хабары болса, бірнеше ЖОО бітірсе екен, яғни ол ақша тапса екен, ертең менің көзім кеткеннен кейін өзін-өзі қамтамасыз етсе екен деп, репититорларға апарып, жүгіріп жүреміз. Баламызға білім беріп, мансап, жұмысқа қалай тұрудың бәрін үйретіп жатырмыз, - дейді ол.

Алайда, оның сөзінше, «сен өскенде Ана боласың», «Әке боласың» дегенді үйретпедік. «Ақша тап», «тәуелсіз бол», «өз күніңді өзің көр» деумен келеміз. Соның кесірінен білімді, қолында билігі бар азаматтар бір-бірімен үй болып тұруды білмейді. Қарапайым қазақы түсінік, «сен – Әкесің, менің ұрпағымның жалғасысың, осы барлық жиған тәжірибеңді, тапқан қаржыңды отбасыңа жұмсауың керек» дегенді айтуды ұмыттық, эгоист балаларды тәрбиелеп шығардық.

Әрине, Әкенің мәртебесі, біріншіден, бізге – әйелдерге байланысты. Бізде қызметте, қоғамда, ғылымда, билікте отбасын тең алып жүріп жетістікке жеткен әйелдер көп. Сол әйелдердің басым көпшілігіне тән қасиет – олар үйде өздерінің күйеуін жоғары көтеретін әйелдер. Яғни, сіз отағасының көңілін таппасаңыз, қоғамда да жетістікке жете алмайсыз. Үйдегі ер адамның тілін таба алмай отырсаңыз, қызметтестеріңіздің де тілін таппайсыз, қоғамды да өзіңізге қарата алмайсыз. Яғни, әйел адамдар үшін жетістікке жетудің ең бірінші жолы – ерімен жарасымды болу, соның алдына түспеу. Әр бала өз әкесімен мақтанатын болса, ол үйде әйел күйеуін сыйлайды деген сөз, - дейді Ләззат Қожахметова.

Айта кетейік, Қазақстанда тек 2022 жылдың өзінде әйелдерге қатысты 61 277 тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Ал соңғы төрт жарым жылда 900-дей адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмған. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру бойынша 2086 оқиға тіркелген. 

Биылғы шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілген еді. Соған байланысты шілде-қазан аралығында жауапқа тартылғандар саны артқан. Мысалы, биыл екінші тоқсанда 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жеткен (қазанда – 9,5 мың).

Соның негізінде, қамауға алынғандар саны да 2 есе көбейген. Айталық, биыл 60 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 75 мың қорғаныс ұйғарымы шығарылған. Соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 12 мың ерекше талап қойған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама