×

Кәсіпкерлер Үкіметтің қосымша құн салығын көтеру бастамасына наразы

Ол тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкеп соғады

 Еркеғали Болатұлы 08.11.2023 | 13:46
фото: Halyq Uni

«Атамекен» ҰКП Үкіметтің қосымша құн салығын көтеруге қатысты бастамасына қарсылық білдірді. Бұл туралы палатаның ресми сайты хабарлады.

Бүгінде Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап қосымша құн салығын 12 пайыздан 16-ға дейін көтеруді ұсынды. Соның арқасында бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түседі деген жоспар бар. Есесіне ұлттық қордан алынатын қаражатты азайтуға болады. Ал «Атамекен» палатасына кіретін кәсіпкерлер ондай бастамаға қарсы. Олар бюджет шығыстарын оңтайландырып, қосымша резервтерді іздеу қажет деп санайды. Бизнесмендер қосымша құн салығын 10 пайызға дейін төмендетуді ұсынып отыр.

Бұл шара салық жинауды арттыруға, ақша қаражатының көлеңкелі ағындарын азайтуға, демек, экономиканың өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді. Ал салықтың өсуі, керісінше, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкеп соғады. Халықтың сатып алу қабілеті мен тұтынушылық сұраныс төмендейді, - дейді палата басшысы Райымбек Баталов.

Оның айтуынша, 2005 жылы қосымша құн салығы 1 пайызға төмендегенде жиналған салықтың көлемі 143 пайызға артқан.

Қосымша құн салығы төмендесе, салық жиналымының артатыны – бүкіл әлемдегі дәлелденген практика. Мұндай әсерді Өзбекстанның тәжірибесінен де көруге болады. 2019 жылдың қазанында Өзбекстан билігі қосымша құн салығы мөлшерлемесін 20 пайыздан 15 пайызға дейін төмендетті. Үш жыл ішінде бюджетке ішкі тауарлаға ҚҚС-тан түсім 2020 жылы 20,5 трлн сумнан 2022 жылы 32,8 трлн сумға дейін өскен. Сол кезеңде импорттан ҚҚС көлемі 2 еске өскен, – деп атап көрсетті палата басшысы.

Биыл Өзбекстан қосымша құн салығын тағы 12 пайызға дейін азайтты. Ал Қазақстан бұл салықты көтере берсе, Орта Азияда салық режимі қолайлы ел мәртебесінен айырылады. Соның салдарынан ұлттық экономиканың инвестициялық тартымдылығы нашарлайды.

Палата мамандары өзге елдердегі қосымша құн салығының мөлшерін де мысалға келтірді.

Олар:

  • Қытайда – 13%;
  • Қырғызстанда – 12%;
  • Оңтүстік Кореяда – 10%;
  • БАӘ және Канадада – 5%.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама