×

Халықаралық агенттік Үлкен ауылындағы жерді АЭС салуға жарамды деп таныды

Оны салу мүмкіндігі туралы шешім қабылдау кезінде қазақстандықтардың пікірі ескеріледі

 Еркеғали Болатұлы 03.11.2023 | 15:15
фото: kzaif.kz

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) сарапшылары Алматы облысының Үлкен ауылындағы алаңды атом электр станциясын салуға жарамды деп санайды. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Алматыда өткен брифингте мәлімдеді.

Олар бізге қолдау көрсету, құрылыс салу, қауіпсіз технологияларды таңдау, кейін пайдалану және ядролық қалдықтарды одан әрі кәдеге жарату бойынша қызметтердің толық кешенін ұсынуға дайын. Сондай-ақ Үлкен ауылындағы алаңының жалпы АЭС салуға жарамды екенін атап өтті, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ ол президенттің тапсырмасына сәйкес, АЭС салу мүмкіндігі туралы шешім қабылдау кезінде қазақстандықтардың пікірін ескеру мақсатында жалпыхалықтық референдум өтетінін еске салды.

Біз Энергетика министрлігі ретінде барлық қажетті сараптамалық қолдауды көрсетеміз. Қазір өтінімдерді қарастырмаймыз. Кеңес беру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірақ нақты технологияны таңдау бойынша жұмыс істемейміз. Бұл референдумның нәтижелері біз үшін түбегейлі маңызды, - деді министр.

Оның айтуынша, бұл процесті жеделдету орынсыз. Одан гөрі халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Қазір қазақстандықтарға атом энергетикасының біз үшін қаншалықты маңызды екенін, оның жұмыс орындарын құру, құрылыс индустриясын, инженерияны, жоғары білім беруді, орта-техникалық білім беруді, ғылыми-қолданбалы зерттеулерді, біріктірілген салаларды дамыту тұрғысынан қандай мүмкіндіктер беретінін түсіндіруге басты назар аудару қажет, – деді Сәтқалиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама