×

Депутаттық сауал: «Ұлттық қордан ақша алынбасын»

2024 жылы қордан 1,6 трлн теңге алынбақ

 Дәурен Ерболат 01.11.2023 | 16:41
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов Үкімет басшысына Ұлттық қордан ақша алынбауы керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат премьер-министр Әлихан Смайыловқа сұрақ қойды.

«Ұлттық қор болашақ ұрпаққа қызмет етеді. Президент ондағы қаражатты 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу міндетін қойып отыр. Алайда 2021 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат 67 млрд доллар болса, қазір ол бар-жоғы 60 млрд доллар болды. Қордың қаражаты азайған.

Енді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастайды. Бұған қатысты Парламент тиісті заңды қабылдады. Сондықтан Ұлттық қорға деген халықтың назары ерекше болады. Өйткені, әр ата-ана өз баласына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтіп отырады. Менің ойымша, сондықтан Ұлттық қордан қаражат алуды тоқтатуымыз керек.

Республикалық бюджет тапшылығы экономиканы дамыту арқылы жабылуға тиіс. Сондықтан осы мәселені түпкілікті шешу үшін қандай шешімдер қабылданады?», - деді Нұртай Сабильянов.

Үкімет басшысы Ұлттық қордан алынатын қаражат экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын жеткізді.

2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттердің көлемі 1,6 трлн теңге болады. Олар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Сондай-ақ Ұлттық қордан тартылатын қаражат нысаналы трансферттер жылдан жылға төмендейді. Республикалық бюджеттің өз кірістері көбейтіледі.

Біз тиісті инвестицияны тартып, нақты секторды қаржыландыру мәселесін шешеміз: мемлекеттік қолдау шаралары, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру, - деді Әлихан Смайылов.

Премьердің айутынша, бүгінде Үкімет 32 трлн теңге болатын 970 инвестициялық ірі жобаны іске асырып жатыр.

«Олар 500 млн теңгеден асатын шикізаттық емес сектордағы жобалар. Соның 400-і жалпы 406 трлн теңгеге келесі жылы іске асады. Барлық жобаны іске асыру үшін біз инфрақұрылымды жаңғыртуымыз керек. Сол үшін біз тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасын іске асырамыз.

Тарифтердің есебінен газбен, электр қуатымен, сумен, жылумен жабдықтау желілеріне және көздеріне 3 трлн теңгеден аса қаржы тартылады.

Бұл инфрақұрылымды жаңғырту басқа нақты сектордағы салаларға тікелей оң әсерін береді. Жалпы келесі жылы экономикалық өсу қарқыны жоғарылайды.

Биыл (экономикалық өсім) 4,7 пайыз болса, келесі жылы 5,3 пайыз, 2026 жылы 6 пайызға дейін өседі деп болжап отырмыз. Ол үшін республикалық бюджеттің өз кірістерін көбейту бойынша экономиканы ұлғайтуымыз керек. Кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсартуымыз керек. Жалпы, көлеңкелі экономиканы азайтуға ерекше екпін қойылып отыр», - деді Үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама