×

Несиесін төлей алмаған жастар Еуропаға ағылып жатыр – 40 жылдан бері Германияда тұратын қазақ

Бейресми дерек бойынша 5 мыңға таяу жас Еуропаға қоныс аударған

 Ая Өміртай 27.10.2023 | 16:55

40 жылдан бері Германияда өмір сүретін қазақ Садия Сюрердің айтуынша, Еуропада соңғы жылдары қоныс аударған Қазақстан жастарының қатары артқан. Германияға баратындардың көбі несиесін жабу үшін жұмыс іздеп баратын көрінеді. 

Осы орайда, Halyq Uni тілшісі Кёльн мәдени орталығының төрайымы Садия Сюрермен Еуропадағы қазақтардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі жайында әңгіме өрбітті. Ол Германиядағы сайлау, сыбайлас жемқорлық, білім беру жүйесі мәселелерін Қазақстан мысалымен салыстыра әңгімелеп берді.

Германияда тұрып жатқанына 40 жылға таяп қалды. Түркияда туып, өстім. 20 жасымда Германияға көшіп барған қазаққа тұрмысқа шықтым. Қазір жасым 60-тан асты. Кельн қаласында бұрын 30 шақты отбасы бар еді. Олардың дені алпысыншы жылдары көшіп барғандар. Қазір 100-ге жуық отбасы бар. Байқауымша, қазір Қазақстаннан да қоныс аударып жатқандар көп. Әсіресе соңғы жылдары көп. Бұрын оқуға келген болса, қазір жұмыс іздеп, жұмыс істейтіндер көп. Қазақстаннан 5-мыңға таяу жас Еуропаға қоныс аударды деп естідім. Бұл бейресми дерек, дегенмен қалада екінің бірі қазақ деуге болады, - дейді Садия Сюрер. 

Мәдени орталық төрайымының айтуынша, бүгінде Еуропа қазақтары ана тілін ұмытып барады. Дегенмен жастардың көбі өзінің қазақ екенін мақтанышпен айтады.

Еуропадағы қазақтар жиі араласып тұрамыз. Бір-бірімізге жиі қонаққа барып, тойға да, қазаға да жиналамыз. Үйде әке-шешем, үлкен аталарым мен апаларым тек қазақ тілінде сөйледі. Сыртта түрік тілінде сөйлесек те, үйде тек қазақ тілінде сөйлеп өстік. Жүрегімде қазақшылыққа деген құрмет ерекше. Содан да болар қазақ тілін ұмытпай, сөйлеп келе жатырмын. Өкінішке қарай, балаларым қазақ тілін жетік білмейді. Ауызекі сөздерді ғана біледі. Неміс мектебінде оқығандықтан, орта көп әсер етті. Өкінішке қарай, жастар тілден айырылып бара жатыр десе болады. Ана тілімізді көп сақтай алмадық. Ең үлкен – өкінішім осы. 
Дегенмен жастар қазақпын деген сезімін жоғалтпады. Тілді үйренеді, бастысы – осы сезімнің кеудеден өшпегені, - дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында. 

Орталық жетекішісінің айтуынша, Кельн мәдени орталығы – Еуропадағы тұңғыш қазақ қоғамдастығы. 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. 

Қоғам жетекшілері ешқайдан қаржы алмайды. Алдымыздағы аға буын бір жолға салып кеткен орталық жұмысы тоқтап қалмасын деген оймен, өз қаржымызға орталық жұмысын үйлестіріп отырмыз. Ең әуелі жастарымызға не бере аламыз, не істесек жақсы болады деген сұрақтарға жауап іздедік. Қазір жастарымыздың алды жетістіктерге жетіп, үлкен қызметтер атқарып жүр. Бас қосудағы мақсат – жастарымыз бір-бірінен алшақтамасын деген ой, - деп атап өтті орталық төрайымы.

Садия Сюрердің айтуынша, ұлы Әли-Бөкейхан Сюрер қазір Түркия ұлттық регби лигасы құрамасының (түр. Türkiye Millî Ragbi Birliği Takımı) ойыншысы. Дегенмен спорт саласында айтуылы жетістіктерге жетіп жүрген қандасымыз үшін Қазақстанға келуін шектеп отырған бірқатар мәселелер бар.

Балам осыған дейін Германия құрамасында ойнаған еді. Қазір бір жарым жылдан бері Қазақстанның ұлттық құрамасына шақырды. Алайда құжат бойынша кедергілер шығып, ұлттық құрама қатарына қосыла алмай жүр. Оған басты себеп – қазақ екенін дәлелдей алмай келеді. «Ата жұрт» картасы бойынша ұлтын көрсететін анықтаманы Германия мекемелерінен алып келуді сұрап отыр. Ал ондай анықтаманы еш жерде бермейді. Қоғамдастық анықтамасы жарамайтын болып шықты. Осы мәселе көп жұмысымыздың реттелуін бөгеп тұр, - дейді Садия Сюрер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама