×

ҚМДБ Палестинадағы қантөгіске қатысты мәлімдеме жасады

Құдыс жерінде болып жатқан қантөгіске қатты алаңдаушылық білдіреміз, - делінген онда

 Дастан Жұмабекұлы 20.10.2023 | 15:23
Фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Палестинадағы қантөгіске қатысты мәлімдеме жасады.

ҚМДБ Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын Құдыс жерінде болып жатқан қантөгіске қатты алаңдаушылық білдіреді және қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бейбіт жолмен, өзара ымыра аясында шешілуін тілейді. Адамзат баласын бірлік пен игілікке шақырған пайғамбарлар ізі қалған қасиетті мекеннің бүгінде соғыс алаңына айналып, мыңдаған бейкүнә жандардың, әсіресе сәбилер мен бейбіт тұрғындардың оққа ұшып, қаза табуы баршамыздың жанымызға қатты батуда. Ауыр жарақат алып, үрей құшағында өмір сүріп отырған жандардың тез сауығып кетуін тілейміз, – делінген мәлімдемеде.

Сонымен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тараптарды бейбіт келісімге келуге және қантөгісті шұғыл тоқтатып, халыққа зарар келтірмеуге үндеді.

Сондай-ақ Палестина халқының халықаралық келісімдер мен резолюцияда бекітілген тарихи құқығын қолдайтындығымызды мәлімдейміз. Еліміздегі барша мұсылман қауымын қасиетті мекеннің тыныштығы мен амандығы үшін дұға жасауға шақырамыз. Алла Тағала жер бетін түрлі бүліктер мен соғыстан аман еткей. Әмин! – делінген мәлімдемеде одан әрі.

Бүгіндеі Израиль әскері Палестинаның Газа секторы аумағын бомбалауды одан әрі жалғастырып жатыр. Қолда бар мәліметке қарағанда, соғыс басталғалы бері екі жақтан 4 мыңнан астам адам қаза тапқан. Сондай-ақ 15 мыңға жуығы жарақат алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама