×

Құлақсыз туған балаларға да мүгедектік берілуін қамтамасыз етуді сұраймын – Нартай Аралбайұлы (ВИДЕО)

Еститін Үкімет кемтар жандардың жанайқайын ескерсе екен, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 18.10.2023 | 12:27
Фото: parlam.kz

Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Нартай Аралбайұлы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішевке елімізде кемтар туған, нақтырақ айтқанда, құлақсыз дүниеге келген сәбилерді емдеуге, олардың болашағына қатысты сауал жолдады.

Ол депутаттық сауалында қазір елімізде 3 мыңнан астам баланың жарық дүниенің есігін құлақсыз ашып, ата-анасының дауысын естімей өсіп келе жатқанын, осы балалардың болашағына балта шабылмаса екен деп мыңдаған ата-ананың барар жері, басар тауы болмай, шырылдап жүргенін айтты.

Бүгінгі депутаттық сауалым  3 мың баланың көз жасы, 6 мың ата-ананың аялы алақанымен қалқалап өшіріп алмауға ұмтылған үмітінің соңғы сәулесі деп біліңіз. Қазақ «бай күйігі – сыртта, бала күйігі – іште» дейді. Қазақстандағы 3 мың баланың көңіліндегі күйік микротия және атрезия патологиясы деп аталады. Қарапайым тілге салсақ, бұл – бөбектердің өмірге құлақсыз келуі. Қазір осындай 3 мыңнан астам баланың болашағына балта шабылмаса екен деген мыңдаған ата-ана шырылдап жүр. Шарасыз үнді қолында қаржысы, білегінде билігі бар Үкімет естіді ме? Естісе неге өмірге естімей келген балалардың ертеңіне енжар қарайды? – деді ол.

Одан кейін Нартай Аралбайұлы құлақсыз өмірге келіп, қоғамнан қағажу көріп, тәрбиесіз, тәртіпсіз қатарластарының мазағына тап болып, төрт қабырғаға өз еркімен қамалған микротия және атрезия диагнозы қойылған балаларды биліктің қалай өзекке тепкенін айтты.

Біріншіден, бір құлағы жоқ болып дүние есігін ашқан сәбилер мүгедек боп танылмайды. Зейнетақы алмайды. Біздің елде мүгедектік алу үшін екі құлағың да болмауы керек екен. Қазақ «Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» дейді, ал құлақсыз туған бөбектердің жанайқайын естімейтін құлағы бар биліктің ұяты кімге? Микротия және атрезия патологиясының емі бар екен. Құлақтың ішіне ота жасап, есту каналдарын ашып, сыртына табиғи құлаққа ұқсас қалып орнатып береді. Ол – АҚШ-та. Бір құлаққа жасалатын операцияның құны былтыр 99 мың доллар болған. Биыл 105 200 доллар. 1 ай уақытты алатын реабилитация, барып-келу жолы, жатын орын, тамақ дегендерің – аталған ақшаның сыртындағы шығын, – деді депутат.

Осы ретте ол құлағы естімейтін балалардың ата-аналары Үкіметтен көмек сұрағанын, алайда олардың өтініші қанағаттандырылмағанын атап өтті.

Естімейтін баламның үнін естіртейін деп ата-аналар Үкіметке жүгінген ғой. Сол кезде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ деректері бойынша микротия және атрезия патологиясы бар балалар бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін балалар санатына жатпайды және медициналық көмек сапасының мониторингі департаментінің «Мұқтаж пациенттер» тізіміне енгізілмейді» деген жауап алыпты. «Бала құстың көлеңкесінен тоңады» дейтін қазақпыз. Әлгіндей жауаптарды алғанда құлақсыз туған баланың жаны қалай жаурайды десеңізші? Шырылдаған ата-аналар ақырында «Қазақстан халқына» қорына барыпты. Бірақ Қор да қор қылып қайтарыпты. «Бізде бұл мақсатқа ақша қарастырылмаған» деген суық, суыт жауап берген. Қазақстанда аталған дертті емдейтін маман жоқ, әйтпесе естімейтін баласының жанайқайын билікке естірте алмай жүрген ата-ана Америка асып қайтсін? Бұл тек ресми тіркелген 3 мыңнан астам баланың әке-анасының жанайқайы, науқас ретінде тіркелмегендері тіптен көп, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Осыдан кейін ол құлақсыз туған балалардың емдетуге қатысты өз ұсынысын жеткізді. Ол микротия және атрезия патологиясына шалдығып, бір құлақсыз туған балаларға да мүгедектіктің берілуін қамтамасыз етуді сұрап,  «Қазақстан халқына» қоры арқылы аталған дертті емдеу үшін балалардың АҚШ-қа баруына жағдай жасап, тиісті қаржы бөлу керектігін айтты.

Бұл шешімді жедел қабылдау шарт. Себебі бұл дерт балалардың екінші сау құлағының есту қабілетін нашарлатып жатыр. Қазақстандық білікті дәрігерлерді микротия және атрезия патологиясын емдеудің тәсілдерін меңгеру үшін АҚШ-қа оқуға жедел жіберу керек. Дәрігерлердің өзі ықылас білдіріп отыр. Құлақсыз туған, естімейтін балапандардың жанайқайын билік өкілдерінің еститін кезі келді ғой, – деді ол.

Депутат сөз соңында осы мәселелерді ескеріп, ұсыныстарды назарға алып, заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша жауап күтетінін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама