×

Зуқа батырдың ұрпағы –  Франциядағы қала мэрінің орынбасары Ешим Савашпен сұқбат

Этникалық қазақ «Отандастар» форумына қатысуға келген еді

 Айгерім Таубай 16.10.2023 | 10:00

Астанаға «Отандастар» форумына арнайы келген этникалық қазақ Ешим Саваш Halyq Uni тілшісіне сұқбат беріп, Франциядағы өмірі, Қазақстан туралы ойы туралы айтты.

Ешим Саваш – Францияның Крей қаласында мэр орынбасары. Қалада мәдениет саласына жауап беретін Ешим тарихи отанына алғаш рет келгенін айтты.

Бұған дейін өзім жұмыс істейтін Крей қаласы әкімдігін таныту мақсатында көп жерді араладым. Бірақ Қазақстан басқа, бұл – менің өз отаным, өз жұртым. Сондықтан біраз қобалжу бар. Бірақ келгеніме қуаныштымын, - деді ол сұқбат барысында.

Айтуынша, ата-анасы Түркияда туған.

«Менің ата-анам да Қазақстанға бірнеше жыл бұрын алғаш рет келді. Мен де келер едім, бірақ Францияда қарбалас жұмыс бар. (...) Азаматтар әкімді сайлайды, одан соң әкім орынбасарларын тағайындайды. 2014 жылы сайлауды жеңгенімізде әкім мені Мәжіліс депутаты етіп сайлаған. 2020 жылы сайлауда жеңгенде мені мәдениетке жауапты орынбасары етіп бекітті. Менің лауазымым мемлекеттік қызметкер емес саяси лауазым болып саналады. Мысалы мәдениет саласы бойынша менің бастамаларымды жүзеге асырушы директорлар – мемлекеттік қызметкерлер», - дейді ол.

Крей қаласы әкімінің 9 орынбасары бар. Қаржы, мәдениет, спорт, әлеуметтік, денсаулық саласы, жастар ісі сияқты жалпы салаларға бөлек-бөлек жауапты.

Франциядағы қазақ жастары тарихи отанын танығысы, білгісі келеді. Оларға өз отаныңды таныту, өз тіліңде сөйлеудің не екенін көрсетіп, мәдениет және спорт саласында бірлікте жобалар жасағымыз келеді. Қазір нақты бір жоба жоқ, - дейді Ешим Саваш.

Айтуынша, Еуропадағы қазақтар бір-бірін таниды, тіпті бір-бірінің тойына барады. Жыл сайын Құрылтай өткізіп, спорттан жарыстар ұйымдастырады.

«...Құрылтай өткіземіз. Жастар кешке бір жерде кездесіп, тойлайды.Бір-бірімізді танимыз, бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Тойымызға барамыз. Түркия және Франция қазақтары қоғамдастығы бар. Нақты санын білмеймін, шамамен ішінде 200 отбасы бар», – дейді ол.

Ешим қазір қазақ тілін үйреніп жүргенін айтты. Түрік тіліне жақын болғандықтан, түсінеді.

Ата-анамыз бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Түрік тілінде сөйлесетіндер көп, араласып жатады. Түркияда туып-өскендіктен болар... Францияда өзімнің қазақ екенімді айтамын. Ата-анам Түркияда туып-өскендіктен түрікпін деп те айтамын. Түрік тілінде сөйлескендіктен, түріктермен жақын араласамыз. Крей қаласында түріктер көп. Францияда француз ретінде де таниды. Сол жақта тудым, өстім, оқыдым. Үшінші отаным – Франция, - дейді Ешим Саваш.

Ешим Саваш – Зуқа батырдың ұрпағы. Зуқа батыр – ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында бөтен жұрттың бодандық езгісінде қалып қойған қазақтарды қорғап, әлеуметтік теңсіздіктермен күрескен қайраткер, қолбасшы.

Зуқа батыр туралы анам әңгімелеп беруге қиналатын, себебі біз үшін бұл – ауыр жағдай. Зуқа батыр – анамның атасы. Бала кезімізде білмедік. 1929 жылы қайтыс болды. Ол кезде Алтай аймағында қытаймен арадағы мәселе болған. Содан кейін Түркияда көшкен. Бұлардың бәрін кейін үйрендім. Алтай ауыла келген соң ата-анам туған. Содан кейін Францияға көшкен.

Бұл тарихи оқиғаларды білмедік. Өскен соң кітаптар жазылғанын, уикипедиада ақпарат барын көрдік. Қазақстанда белгілі адам екен. Біз үшін оның жүріп өткен жолын жалғастыру мәртебе. Соған лайық болу үшін жұмыс істеп жүрміз, - дейді ол.

Сұқбат барысынша Ешимнен Қазақстан десе ойына бірінші не келетінін де сұрадық.

«Ойыма бірден жылқы келеді. Францияда Қазақстан десе, ойына жылқы келеді. Жазық дала, жылқы, қыран және бокс деп айтады. Қазақстандық спортшылар, боксшылар өте танымал. Крейде «Қазақстанға бара жатырмын» дегенімде, «Шавкатты, GGG-мен көресің бе, сене алар емеспін» деп таңқалды», - дейді Саваш.

Айта кетейік, «Отандастар» форумының мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтті. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама