×

«ҚТЖ-ға бәрібір». Депутат ішінде тарақандар жүретін ескі вагондардың жаңартылмағанын ескертті

Министр жаңа вагондарды сатып алуға сөз берді 

 Дәурен Ерболат 11.10.2023 | 11:30
фото: mazsz.ru

Бүгінде бізге ескі Қазақстаннан «ҚТЖ» АҚ-ның тозған вагондары мұра болып қалды. Мәселе қашан шешіледі? Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айутынша, бүгінде Кеңес заманынан қалған ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр. 

Темір жол вагонының 60 пайызының тоз-тозы шыққан. Көлік министрлігі оларды 2030 жылға дейін жабдықтаймыз дейді. Бірақ біздің «ҚТЖ-ға бәрібір. Өйткені шекелері шалқып жүрген менеджерлерге «Қазақстан темір жолының» құны көк тиын. 26  жылда жарытпаған саланы 7 жылда жарылқайды дегенге жан баласы сенбейді. Өйткені айтатындары – ертегі мен аңыз. 2030 жылға дейін қала вагондарының 80 пайызы тозып, екі қолымызды мұрнымызға тығып отырмасымызға кепілдік бере аласыз ба, министр мырза? - деді депутат.

Мақсат Толықбай жазда бұл вагондарға отыру арман болатынын жеткізді. 

«Терезесі ашылмайтын, кондицонерлері істемейтін, қабырғасында тарақандар жүретін ескі вагондардың өзіне жаз мезгілінде билет таппайсың. Баға өте жоғары. Сөйте тұра, билетті субсидиялауда жыл сайын сытырлатып млрд санап береміз. Пойыздардың жиі кешігетінін айтпай-ақ қояйын. 1-2 сағат кешігу үйреншікті жайт болып қалған. Сөйте тұра, туризмді түлетеміз дейміз. Бізде туристік маршруттарға арналған стратегиялық жоспар керек. Ескі  Қазақстанның мұрасы болып қалған темір жол мәселесін қашан шешесіздер? 26 жыл күттік. Әлі қанша күтеміз? Қазаққа заманауи вагондарға кезексіз, тиімді бағада мінетін күн туа ма?» - деді ол.

Депутаттың сұрағына Көлік министрі Марат Қарабаев жауап берді.

Мақсат Мәлікұлы, қазір жалпы Қазақстан бойынша 2 567 вагон жұмыс істеп тұр. Олардың тозу деңгейі – 48 пайыз. Сіз «Оларды қашан жаңартамыз?» деп сұрақ қойдыңыз. Биыл 50 жаңа вагон алдық. Қазір келісімшартқа қол қойдық. Келесі жылы тағы 100 вагон болады, қосымша 157 вагонды алуды пысықтап жатырмыз. Сонда тек биыл және алдағы жылда 304 жаңа вагон болады.

Бұдан басқа, 2025 жылдан бастап Еуропадағы ең заманауи Stadler (Штадлер) компаниясының жалпы 537 вагонын алуды жоспарлап отырмыз. Қазір 2 567 вагонның үстіне тағы 804 жаңа вагон алуға қазір қол қойылып отыр. Қосымша вагон алу мәселесін әлі пысықтаймыз. Нәтижесінде қазір (вагондардың) орташа пайдалану мерзімі 18 жыл болса, қолымыздағы бар келісімшартқа сәйкес, (вагондардың орташа пайдалану мерзімі) 13 жылға дейін төмендейді. Бұл – қол қойылған нақты келісімшарттар», - деді басшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама