×

«Жемқор осында отырған шығар». Ажар Ғиният депутаттың сұрағына жауап берді

Мәжіліс депутаты әлі күнге дейін медициналық көмек «алып жүргендер» арасында марқұмдардың да барын айтқан

 Дәурен Ерболат 09.10.2023 | 16:43
фото: Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният депутат Бақытжан Базарбектің қайтыс болған адамдардың есебінен бюджет қаржысы талан-таражға түсіп жатыр деген мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты әлі күнге дейін медициналық көмек «алып жүргендер» арасында марқұмдардың да барын айтқан.

«Қаржы кімнің қалтасына түсті? Біз ақшаның қайда кеткенін біле алмай жүрміз. Мәселені жемқорлықтан бастауымыз керек. Жемқор осында отырған шығар», деген еді Бақытжан Базарбек Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Жиыннан соң министр депутаттың сауалына тоқталып, жауабын берді.  

Болжамды орынсыз деп санаймын. Біріншіден, денсаулық сақтау саласына бөлінген 2,5 трлн теңге Ұлттық банктің есепшотына түседі. Оның әрбір теңгесіне қор (Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры) жауап береді.

Екіншіден, өзіміз аудит өткізіп, әртүрлі заңбұзушылықты анықтап жатырмыз. Заң бұзу деректері әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кей облыстардағы департаментерінен, медициналық ұйымдарынан анықталды.

Тіркелген жағдайларды құқық қорғау органдарына тексеруге жіберіп отырмыз. Олардың арасында сотқа жеткен істер бар. Заң бұзғандар жауап береді, - деді Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты мәселеге келесі жылы нүкте қойылады.

«Цифрландырудың болмауына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық қорының мамандары әрбір медициналық ұйымның көрсеткен көмектің 10%-ына мониторинг жүргізеді. Бүгінде қор 50 мыңнан аса әртүрлі заңбұзушылақтарды анықтады. Ол бойынша медициналық ұйымдарға айыппұлдар салынды.

Енді осындай деректер болмау үшін медициналық ұйымдарға аударылған қаражатты науқастарға жеткенге дейін процесті цифрландырамыз. Оны бақылап отырамыз.

Қазір Цирфрлық даму министрлігімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Келесі жылы бұл жүйені енгіземіз. Нәтижесінде бізге медициналық ұйымдар жалпы барлық көрсетілген медициналық қызметтің (есебін) береді. Ең соңында науқас «иә, мен бұл медициналық көмекті алдым» деп баға береді. Осылайша, медициналық ұйымдарды тексереміз», - деп түйіндеді сөзін министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама