×

Әлі күнге дейін медициналық көмек «алып жүрген» марқұмдар бар – Бақытжан Базарбек

Депутат Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алды

 Дәурен Ерболат 09.10.2023 | 13:15
Бақытжан Базарбек, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек МӘМС жүйесінде, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жемқорлық мәселесі барын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, жемқорлықпен жүйелі түрде күреспесе, мемлекеттің денсаулық сақтау саясаты құрдымға кетеді.

Мәселен, 2023 жылы Астана қаласының прокуратурасы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 2500 адам негізсіз қызмет алған, олардың арасында марқұмдар да бар. Іс жүзінде олар ауырмаған, тіпті кейбірі қайтыс болып кеткен. Кейбірі Астана қаласында тұрмайды. Алайда олар медициналық қызмет алып жүрген. Салдарынан бюджетке жүздеген млн теңге шығын келтірілген. Олар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық іс қайда?

Сіз (Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният) айтқан қылмыстық істер қайда? Мұнда мемлекет қаржысы жымқырылды. Сондықтан қылмыстық іс қозғау керек, - деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Бақытжан Базарбек статистикаға жүгініп, нақты мысалдар келтірді.

«Солтүстік Қазақстан облысында бюджетке 847 млн теңге шығын келген. Жалпы 2019 жылы – 291 млн теңге, 2020 жылы – 240 млн теңге, 2022 жылы – 403 млн теңге «мертвые душиға» артығымен төлем жасап, бюджетке қомақты шығын келтіріліп отыр. Қылмыстық істерді қашан күтеміз? Бюджеттің ақшасын толық сыпырып алғаннан кейін қылмыстық іс қозғайсыздар ма?», - деді депутат Ажар Ғиниятқа қаратып.

2023 жылы денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге бөлінген. Депутат Бақытжан Базарбек 1 трлн теңгенің қайда жұмсалғаны жайлы Денсаулық сақтау министрі әлі күнге дейін есеп бермегенін айтты.

Қайта кетті 1 трлн теңге? Қалтаға түсті ме? Кімнің қалтасына түсті? Оның қайда кеткенін біз біле алмай жүрміз. Біз мәселені жемқорлықтан бастауымыз керек. Жемқор осында (Мәжілістегі үкімет сағатында) отырған шығар, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама