×

«Жылына екі мәйіттен ғана ағза алынады»: экс-министр трансплантация мәселесі мен заңдылығы туралы айтты

Статистика бойынша 4 мың адам ағза ауыстыруға кезекте тұр

 Ая Өміртай 23.09.2023 | 13:12

Екі мәрте Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев жүйенің құрбаны болды ма? 20 айға жуық уақыт қамауда болып, кейін рақымшылыққа іліккен экс-министр Halyq Uni тілшісіне берген ашық сұқбатында мәйіттен ағза алу мәселесі мен заңдылығы туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Хирург-трансплантологтың айтуынша, «заңсыз ағза ауыстырды» деп айыпталған дәрігер-трансплантологтардың ісі Қазақстандағы трансплантация саласының дамуына кері әсер еткен.

Қазір тірі адамнан бауырдың жартысын алуға болады, екі бүйректің біреуін алуға болады. Бауырдың трансплантациясы, ол да сол 2012 жылы басталды. Мәйіттен алу. Тірі адамнан да алуға болатындыңы сол заңда көрсетілді. Осы тәсіл, трансплантация саласы 2017 жылға дейін біздің елде қарқынды дамыды. Өздеріңіз білесіз, сол жылы үлкен шу шықты. Көңіліңізге келмесін, соны істеп жүрген журналистер, алып-қашпа әңгіме. Екі дәрігеріміз істі болып қалды. Тірі адамнан алады екен, ойлайтыны тек қаражат екен деп, барлық нәрсені жасап жүргендер сіздің әріптестеріңіз, – дейді Жақсылық Досқалиев.

Осы даулы оқиғадан соң Қазақстан Республикасының донорлық туралы Заңының нормаларына бірқатар өзгерістер енгізілген. Соның салдарынан қазір жылына екі мәйіттен ғана ағза алынады.

Депутаттардың құлағына жетіп, заңды өзгертті де тастады. Бұрын заң бойынша, егер де адам өзінің ықыласын білдірмесе, мәйіт болғаннан кейін, ешкімнен сұрамай ағзаны мәйіттен ала беретін еді. Заңды өзгерткеннен кейін адам тірі кезінде рұқсатын берсе де, бермесе де, ағзасын туысқандарынан қолхатсыз алуға болмайды деген заң шықты. Осының кесірінен қазір мәйіттен жылына бір не екі ағза ғана алады. Кім жеңді бұдан? Қоғам ұтылып қалды. 4 мыңға таяу адам кезекте тұр, мұқтажы одан да көп. Оның өзі операцияға жарайды дегендегісі. Жылына екі мәйіттен ғана ағза алынатын болса, санаңыз оған қай жылы кезек келетінін. Ол – болмайтын нәрсе, - деп түсіндірді хирург.

Маманның сөзінше, қолданыстағы заңнаманы өзгерту қажет. Өйткені осы саладағы қыруар қаржыға алынған базалық жабдықтар мен мамандар тиісті мақсатта жұмылдырылмай келеді.

Біз бірінші, заңды өзгертуіміз керек. Бұрынғы қалпына салуымыз керек. Не үшін? Осы 4 мың адамның көз жасы үшін. Ал бір адамның артында кемі 5 адам бар. Санаңыз – 20 мың адам. Ол бір ауданның халқы деген сөз. Бұған бару керек. Құрал жабдық бар, мамандар бар. Қыруар қаражатты лақтырып тастады дегенмен бірдей ғой, - деді ол Halyq Uni тілшісіне.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама