×

Істі болған экс-министр мемуар жазып жатыр – Жақсылық Досқалиевтің шындығы

Экс-министр денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелерге қатысты ойын айтты

 Ая Өміртай 22.09.2023 | 10:00

Екі мәрте Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев жүйенің құрбаны болды ма? 20 айға жуық уақыт қамауда болып, кейін рақымшылыққа іліккен экс-министр Halyq Uni тілшісіне берген ашық сұқбатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрамағанын, мұның жалған ақпарат екенін мәлімдеді. 

Зейнет жасындағы Жақсылық Досқалиев қазір Астана қаласындағы ауруханалардың бірінде ота (операция) жасап жүр. Тәжірибелі трансплантолог-хирургтың айтуынша, 170 мың теңге зейнетақысы күн көрісіне жетпейді. 

Қазір №2 Қалалық ауруханасында хирургия саласын басқарамын. Басқарғанда жас дәрігерлер келіп жатыр. Хирургия саласында тәжірибем мол, 40 жылдан астам. Сол жинаған тәжірибені жас дәрігерлерге – көрсету, бөлісу. Күрделі операцияларды қалай жасау керектігін көрсетіп, сол жерде қызмет атқарып жүрмін. Екінші жағынан пенсия жетпейді. Небәрі 170 мың теңге аламын. Ол жетпейді, барлығы қымбаттап жатыр. Күнделікті нан-шайға ақша керек, - дейді Жақсылық Досқалиев. 

Белгілі хирург сұқбат барысында «адам ағзасын саудалады» деп айыпталып, кейін ақталып шыққан әріптестері – Ғани Құттымұратов пен Абылай Донбайға қатысты пікір білдірді.

Траснплантолог дәрігерлерді жазықсыз соттаудан қоғам ұтылды. Осы жағдайдан соң заңнама өзгеріп, қазір жылына екі мәйіттен ғана ағза алынатын күйге жеттік, - дейді хирург.

Сонымен қатар, Жақсылық Досқалиев Қазақстандағы онкологияға қарсы күреске, донор тапшылығы, МӘМС жүйесінің тиімділігіне, жас мамандардың шетел асуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Қазір хирург өзінің өмірі жайында мемуар жазып жатқандығын айтты.

Жазып та жатырмын. Жаңағы айтқанның барлығы қағазға түсті. Шығару үшін редактор қарау керек. Жазуын жазғаныммен мен ғалыммын. Баспаға қаражат керек. Соны ақырындап жинап жатырмын, - деп түйіндеді сөзін ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама