×

Алмат Кебіспаев сауда үйіндегі оқиғаға қатысты пікір білдірді

Қазір балуан күрес түрлерінен Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатына дайындалып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 19.09.2023 | 12:29
Фото: uww.org

Грек-рим күресінен ұлттық құраманың мүшесі Алмат Кебіспаев Алматыдағы сауда үйінде болған оқиғаға қатысты пікірін білдірді.

Бұл оқиға 6 қыркүйекте болған еді. Сол күні балуан Алмат Кебіспаев «Атакент молл» сауда үйінде ойын балаларының көзінше бір ер адамды ұрып құлатқан болатын. Осы оқиғаға байланысты спортшының өзі былай деді:

6 қыркүйекте ұлым 5 жасқа толды. Соның құрметіне Тимирязев көшесіндегі «Атакент молл» сауда үйінің «Джунгли парк» ойын алаңына бардық. Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Балалардың жартысы ойын алаңында, жартысы жанымызда жүрді. Мен кіші қызыммен дәмханада отырған едім. Сол кезде әйелім Айжан 9 жасар үлкен қызым Айсананы менің жанымда отырсын деп әкелді.  Мен оның жылағанын көріп, не болғанын сұрадым. Ол екі бала доппен ұрғанын, олардан әрең құтылғанын жылап тұрып айтып берді. Оны естігеннен кейін әлгі балалармен сөйлесуге бардым. Осы сәтте бізге қарай бір топ адамның келе жатқанын көрдім. Көз алдымда бір әйел шырылдап, мүмкіндігі шектеулі қызын ана балалардың ұрғанын, аймалағанын айтып жылап тұрды. Менің де қызым солай жылап келген еді. Соны естіген соң шамыма тиді, – деді балуан. 

Содан кейін Алмат Кебіспаев балалардың әкесі кешірім сұрайтын шығар деп күткенін айтты.

Олар бұл жай ғана ойын ғой деп сауда үйінен шығып бара жатты. Мен «тоқтай тұр» дегеніме дөрекі жауап беріп, алдында жылап тұрған қыздардан кешірім де сұрамады. Мен мәдениетті түрде олардың кешірім сұрауды өтіндім. Ал олар кешірім сұрамады. Бәрін керісінше жасады. Сондықтан шыдай алмай бетінен екі рет ұрып жібердім. Одан кейін сөйлесу мүмкін болған жоқ. Жәбір көрген қыздың анасы полиция шақырды. Полиция бөлімінде мен оларға қол алысып, бір-бірімізбен ұрыспай, жанжалға бармай, тарқасайық деп ұсыныс айттым. Ал әйел болса, керісінше беделді ағасымен қорқытпақшы болды, –  деді Алмат Кебіспаев.

Осы оқиға туралы кеше Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, елді әңгімені қоздырмай, сабырлыққа шақырды.

Құрметті қазақстандықтар!

Алмат Кебіспаев туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша айтарым. Иә, бұл келеңсіз жағдайдан менде хабардармын. Қалай болғанын естідім. Сауда орталығындағы балалар ойнайтын жерде балалар ойын кезінде өзара келіспей қалған. Артынан әкелері араша түсіп, бір бірімен сөзге келген. Өкінішке қарай, бұл кез келген қалада болып тұратын тұрмыстық жағдай. Оны болдырмауға тырысу керек әрине. Бірақ, бес саусақ бірдей емес, әр адам баласының өзінің жаратылысына, тәрбиесі мен мәдениеттілігіне байланысты.

Осы оқиға бойынша екі тарап өздері шешімге келер. Заң қорғау органдары мән-жайды сараптап, қорытынды шығарар! Кінәлі жақ заң аясында жауапқа тартылар! Ол –  уақыт еншісінде.

Айтайын дегенім, осы жағдайды халыққа жар салып, «сүйінші» сұрағандай жазып жатқан журналист қауымын аздап сабырлыққа шақырамын!, –  деді ол.

Содан кейін ол Алматы Кебіспаевты бала кезінен білетінін, қазір балуанның әлем чемпионатына дайындалып жатқанын айтып, сауда үйінде болған оқиғаның заң жүзінде шешілетініне сенімін білдірді.

Мені заманымыздың осылай өзгеріп бара жатқаны қатты қынжылтады.

Аздап шыдамды болайық, ағайын! Алмат – чемпион! Мен оны біраз жылдар бойы білемін! Бала кезінен. Өте ақылды, парасатты, сыпайы жігіт. Талай ел намысын қорғап, туымызды желбіретті. Бірнеше дүркін Азия чемпионы, әлем жүлдегері атанды. Ол - қыруар еңбек, тердің арқасы! Қазір Алмат Сербиядағы Әлем чемпионатнына дайындық үстінде. Сондықтан да мәселенің анық-қанығына жетпей, алдын ала спортшымызды тығырыққа тіремейік, достар! Дәл қазір Алматқа қолдау қажет! Алда - Ел абыройы, жүлде, Олимпиада жолдамасы!

Ал бұл болған жағдай Заң жолымен уақытында шешіледі!

Сабырлыққа шақырамын!, – деді Мәжіліс депутаты.

Осы күндері Сербияның Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты болып жатыр. Онда Алмат Кебіспаев грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта күресетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама