×

«Бір картинама 4 бөлмелі пәтер алдым»: аяғымен сурет салатын Кәріпбек Күйіковпен сұқбат

29 тамыз - ядролық сынақтарға қарсы күрес күні

 Айнұр Шошаева 29.08.2023 | 12:42
фотолар: Halyq Uni

Қазақ даласында 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізілді. Антиядролық қозғалыстың бастамасымен осыдан тура 32 жыл бұрын дәл осы күні Семей ядролық полигоны жабылған болатын.

Осы күнге орай Halyq Uni тілшісі белгілі қылқалам шебері Кәріпбек Күйіковті іздеп Қарағанды қаласына барды. Ол ядролық сынақ салдарынан екі қолсыз туған, Семей полигонын жабуға мұрындық болған халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі.

- Кәріпбек аға, сізді мұқым ел суретші әрі ядролық қаруға қарсы күрескер ретінде таниды. Негізі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуірінде бұл тақырып өзекті болған еді. Соңғы кездері антиядролық қозғалыс көрінбей кеткен сияқты. Қазір қайдасыз? Немен айналысып жүрсіз?

- Қарағандыда тұрамын, бос уақытымда сурет саламын. Қаладағы қоғамдық талқылауларға қатысып, мектеп, университеттердегі жастармен кездесемін. Тұрақты жұмысым жоқ. «Невада-Семей» антиядролық қозғалы әлі де бар. Ардагерлері ғана қалды, көбіне жастармен жұмыс істейді. Конференцияларға шақырып тұрады. Суреттерімнің көбі ядролық сынақ тақырыбында салынған. Бұл тақырып қазір өте өзекті деп ойлаймын. Іргедегі көршіміз (Ресей – ред.) ашық қоқан-жоқы көрсетіп жатыр. Әрине ақыл-есі дұрыс адам бұған бей-жай қарамайды, қуатым барда мен де соған үлес қосамын.

Дұрыс айтасыз, Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруға қарсы көп жұмыс істеді. Бір кездері оның бастамасымен «Атом» жобасы басталған еді. Жобаның сайтында онлайн-петиция бар, кез келген адам кіріп, ядролық қаруға қарсы дауыс бере алады.

- Полигонның жабылғанына 30 жылдан асты. Полигон аймағында тұратын халық үшін не өзгерді?

- Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жылдан асса да, әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Мәселен, полигонның аумағын алайық. Ол жердің тазаруы үшін көп уақыт керек. Үкімет оған енді ғана бет бұра бастағандай. Әскерилер кетерінде бәрін тастап кетті. Үлкен қоқыс полигоны сияқты қалды. Жергілікті халық темір-терсекті металлға тапсыра бастады. Кейін сол адамдардың денсаулығы құрыды. Қалған темірді КАМАЗ арқылы шығарып, оны Қытайға тасыған адамды білемін. Бірақ радиациясы жоғары болған соң, қытайлар оны алмады. Қайтып елге әкелді. Ақша табамын деген сол адам онкологиямен ауырды. Ол жақта адамдар әлі күнге дейін тұрады, сол жердің суын ішіп отыр. Бірінші кезекте ол жерді қоршап, ел кірмейтіндей етіп жасау керек еді. Ол жақта радиациясы жоғары жерлер көп, жерасты шахталары, Атом көлі бар. Сондықтан ондағы ағайынның жағдайын ойлау керек. Семей өңірінде түрлі ауру мен өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші көп болды. Әсіресе жастар өздеріне қол салды. Ғалымдар ядролық сынақтың салдары ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын айтады. Бір кезде білінбеуі мүмкін, бірақ зардабын келесі ұрпақ тартатын жағдайлар болады. Семейде балалар үйі бар, онда тастанды науқас балалар тұрады. Әлі күнге дейін науқас балалар көп, үнемі толып жатады. Ауру балалар көп туып жатыр. Бұл сол өңірде тұратын адамдардың сынақ салдарын тартып жатқанының дәлелі деп ойлаймын. Ондағы халыққа көш деп айта алмайсың, туған-өскен жерін қалай тастап кетеді?!

Соңғы екі жыл бойы үкімет ол жерді жеке меншікке берерін немесе әрі қарай не істейтінін білмей отыр. Бір ай бұрын бір отырыста 800 гектар жерді мемлекетке немесе жеке секторға беру мәселесі талқыланды. Бұл бізді алаңдатады. Жеке кәсіпкер алса, ол жерде не істейді? Бірінші кезекте заңды негізге алып, сосын экологтардың келісімін алу керек. Олар қалай айтады, солай болуы керек деп ойлаймын.

- Қазақстанда Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарға қандай көмек бар?

- Сол өңірлерде тұрған азаматтар eGov.kz порталы арқылы арнайы өтініш береді. Онда полигонға жақын өңірде тұрған жылдарын көрсетеді. Меніңше бұл бюрократиялық жағы, өйткені сол көмекті алу үшін барып, дәлелдейтін болса көп уақыт пен ақша шығындайды. Кететін шығын берілетін өтемақы сомасынан да асып түседі. Өтемақының мөлшері де көп емес, бірақ соны алдым деген адамды көрген емеспін. Мен мүгедек ретінде жәрдемақы аламые, өзім мемлекеттік өтемақыны қолданыста рубль болған кезде алғанмые. 90-шы жылдардың басында қателеспесем 5 мың рубльдың маңайындағы сома алдым. Полигон аймағында тұратындардың зейнетақысына азғантай сома қосылады. Ал ол жақтан көшіп кеткендер сот арқылы дәлелдеуге тиіс. Бюрократия көп болған соң кім жүргісі келеді? Сол кездері өмір сүрген адамдар қазір жоқ, көптеген архивтер жанып кеткен. Мысалы, Қарқаралының архиві жойылып кеткен, ондай жағдайда сотқа екі тірі куәгер әкеліп дәлелдеуге тура келеді.

-  Назарбаевқа қайта оралайықшы. Антиядро тақырыбы ол кісінің «фишкасы» болды, тіпті «бейбітсүйгіштігі үшін Нобель алуы керек еді» деген пікір айтылды. Айтыңызшы, Назарбаев шынымен антиядролық қозғалыстың бастамашысы болды ма?

- Олжас Сүлейменов басқаратын антиядролық қозғалыс ашылғанда, бірінші талабы Семей ядролық полигонын жабу болды. Митингке шығып, талап қойғанымыз есімде. Қарапайым халық қолдады, тіпті мектеп оқушылары да қосылып жатты. Ол кезде қазіргідей интернет, ұялы телефон болған жоқ. Бірақ хабар тез таралып, қозғалыстың жақтаушылары көп болды. Тіпті, 1989 жылы қарағандылық кеншілер ереуілге шыққанда ядролық полигонды жабуды талап етті. Президент Назарбаевтың жарлыққа қол қоюы біздің алғашқы жеңісіміз болды. Әрине, ол оңай шешім болған жоқ. Дұрыс шешімнің нәтижесінде бейбітсүйгіш жаңа әлем құра бастадық. Ең бірінші көмекті Жапония берді, өйткені олар да атомнан зардап шеккен ел. Тұңғыш президенттің Семей полигонын жабу туралы қабылдаған шешімі шынымен де ерлік болғанын мойындау керек. Ол полигонды жаппай, әрі қарай пайдалана берсе де болатын еді. Мәселен, Ресейге пайдалануға беріп қойып, тек өтемақы алып тұрар ма едік.

Бір жылы антиядролық қозғалыстың мүшелері Қытайдың Лобнор полигонына барып, бейбіт марш өткізбек болдық. Шекарада бізге «онда тұратын адамдарға қомақты өтемақы төленеді» деп жібермеді. Кері қайтуға тура келді. Яғни, әлемде ядролық полигон үшін жергілікті тұрғындарына өтемақы төлейтін елдер бар. Дәл сондай маршпен Америкада болдық. Ядролық қарумен жарысу мемлекет басшыларының лас ойыны деп есептеймін. Қарапайым халық қашан да оған қарсы. Әлемнің біраз елінде болдым, халық ондай қаруды қолдамайды.

Ал сұраққа қайтып оралсақ, осы уақыта дейін Қазақстан ядролық қаруға қарсы жақсы жұмыс істеді. Сөзсіз оның бәрі Назарбаевтың еңбегі дер едім.

- Аға, өзіңіз білесіз, соңғы жылдары Қазақстан билігі АЭС салу туралы мәселе көтере бастады. Сіз қарапайым азамат, шығармашылық адамы және күрескер ретінде атом стансасы туралы не ойлайсыз?

- Жақында Жапонияда болдым. Сондағы әріптестеріммен сөйлесіп отырғанда Қазақстанның АЭС салу жоспары туралы әңгіме болды. Олар бірден «АЭС салуға кеңес бермейміз» дейді. Олар кез келген жұмысты бастамас бұрын техникалық жағына мән береді. Егер үй салса, жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп салады. Менің пікірім, бізге АЭС салудың қажеті жоқ. Бұл туралы айтып жүрмін. Мейлі, қанша жерден электр энергиясы тапшылығы болса да, Қазақстан бұған әлі дайын емес. Басқа жолын іздеу керек. Кешіріңіз, жолдарымыздың сиқы анау – қиқы-жиқы, ай сайын пойыздар рельстен шығып жатқанда атом стансасы туралы әңгіме болуы мүмкін бе? Өз басым АЭС-ке қарсымын. Қанша жерден бейбіт мақсатта болса да, баламалы жолдарын іздеген жөн. Ұлан-ғайыр жеріміз бар. Жел, күн энергиясын дамытуға болады. Дәл қазір атомды басқара аламыз деп ойламаймын.

- Ядролық сынақ Семейден бөлек Қазақстанның 16 өңірінде жүргізілген екен. Алайда Семейден бөлек басқа өңірлер полигоннан зардап шеккен өңір ретінде мойындалмаған. Өзіңіз Қытайда сынақ үшін өтемақы төленетінін айттыңыз. Қалай ойлайсыз, Ресей билігі сол сынақ үшін қазақстандықтарға өтемақы төлеуі керек пе?

- Мен Ресей тым құрығанда сол сынақ пен талқандалған тағдырлар үшін кешірім сұрайтын шығар деп күткен едім. Бір ауыз сөз кешірім жеткілікті еді. Бірақ... Ресей кешірім сұрауы керек деп есептеймін.

Халықаралық конференцияларға жиі қатысамын. Кейде кейбір елдердің өкілдері тарапынан Ресейден Семей полигоны үшін кешірім мен өтемақы өндіріп алуға құқықтық жағынан көмектесу туралы ұсыныс та айтылған кездер болды. Меніңше, олардан өтемақы талап ету құр әурешілік деп ойлаймын. Негізі, сол сынақты жүргізген мамандардың жетіскені жоқ. Полигонды жабуға қарсы шыққан Петрушенко деген маман болды. Антиялролық қозғалыстың қас жауы болды десем артық емес. Бірде қозғалыс мүшелері журналистермен полигонға барғанда сынақтың еш зияны жоқ екенін дәлелдеу үшін Атом көліне түсті. Тіпті өзімен бірге ұлын да суға түсуге мәжбүрледі. Кейін ол адамның жаман аурудан қайтыс болғанын естідім.

- Сіз белсенді ғана емес, танымал суретшісіз. Енді шығармашылық туралы айтайық. Бірде АҚШ-та тұратын отандасымыз Димаш Ниязовтың сізге қылқалам сатып алып жібергенін көрдім. Қазақстанда суретшілерге мемлекет қамқорлық жасамай ма?

 - Кез келген шығармашылық адамы жетістік пен табысқа қол жеткізгісі келсе жетеді. Менің қиналған кезім болды. Мемлекет, Суретшілер одағы қолдады. Кеңес одағы ыдыраған соң сурет салатын кенеп, бояу жоқ кез еді. Әкем партия мүшелерінің портреттерін алып келіп, «мынаған салуға болмай ма?» деп сұрады. Сол портреттердің үстінен сурет салғаным есімде. Қазір бәрі сатылады. Ақшаң болса, талғамыңа сайын таба аласың. Мемлекеттің бар көмегі - шығармашылық адамдарына сыйлық беріп, байқаулар өткізіп жатады. Суретшілер одағына мүше емеспін, себебі оған түсу үшін арнайы білім болуы шарт. Сондықтан қабылданбадым.

...Әлгі қылқаламға келсек, ондай Қазақстанда жоқ. Картиналарымды сатып қажетті бояу, қылқаламды шетелден алып отырамын. Несін жасырайын, кейде шетелге шыққанда артық ақша болмай қалатын кездер болады. Қылқалам тез тозады, күтіп ұстамасаң шақ келмейді. Маған сабы (палочка) ұзын қылқалам ұнайды. Бояуға бір рет батырып алып сала бересің. Менің стилім – пейзаж. Маған аң-құсты, табиғат пен әсіресе жолды салған ұнайды. Өмір сүріп, өз жолыммен аяндап келе жатқанымды білдіретіндей. Қылқаламым тозған соң жаңасы керек болды. Ол туралы әлеуметтік желіге жазғанда Димаш бауырымыз алып берді.

- Аға, суретшіге де күн көру керек. Тапсырыспен сурет саласыз ба? Клиенттеріңіз кімдер?

- Басқа суретшілер сияқты мен де тапсырыспен сурет салып, картиналарымды сатып ақша табамын. Суреттің арқасында алғашқы табысыма 1992 жылы қол жеткіздім. Сол жылы Америкаға барғанда суреттерімді көрген жергілікті бір жігіт көшірмесін басып сата бастады. Бір айдан соң елге кетерімде «сенің еңбегің» деп біраз ақша берді. Оны анама әкеліп бердім.

Тапсырыс түсіп тұрады. Көбіне сыйлыққа беру үшін тапсырыс жасайды. Кезінде бір жұмысымды Ақорда сатып алды. Кейін Назарбаев сол картинамды Барак Обамаға сыйлады деп естідім. Жақында Дубайда болдым. Мен кеткен соң көрмеге Ван Дам келіп, бір жұмысымды соған сыйлапты. Өзімді «супер суретшімін» деп айта алмаймын. Бәлкім талантым бар шығар, бірақ арнайы білімім жоқ. Бүгінде барымды осы өнеріммен тауып отырмын. Өнерді бағалайтын да, бағасын түсіру үшін саудаласатын да адам бар. Картинамның басым бөлігін еуропалықтар алады. Дубайда болғанда қаншама шейхтер келгенімен, еш картинам сатылмады. Олардың құндылығы басқада ма деп ойладым. Франциядан, Германиядан арнайы суретімді сатып алатындар бар.

- Ең ұзақ уақыт салған картинаңыз есіңізде ме?

- Жұмыс шабытыма қарай әрқалай жүреді. Мәселен, әлі аяқталмаған жұмыстарым бар. Бір-екеуінің басталғанына бір жыл болды. Пандемия кезінде вакцина тақырыбы өзекті болды ғой. Қолдаған және қарсы болғандарды суреттедім. Одан кейін Украинадағы соғыс туралы салдым. Айтпақшы, сол суреттерім үшін достарымның жартысы менімен араласуын қойды. Кейде тапжылмай отырып бірер күнде салып тастайтын кездерім болады. Аяқсыз қалған жұмыстарым да жоқ емес.

- Құпия болмаса ең қымбат жұмысыңыз?

- «Астана опера» театрында аукцион өтіп, сонда бір картинам 100 000 АҚШ долларына сатылды. Осы төрт бөлмелі пәтерімді сол ақшаға сатып алдым. Бұған дейін мен әкімдік берген бір бөлмелі пәтерде тұрып келгенмін. Бір картинаның арқасында баспаналы болдым. Мен үшін мақтаныш. Ендігі мақсатым, арманым десем болады – жеке үй алып, көрме залын ашу. Өйткені өнерімді көруге шетелдіктер көп келеді. Күні кеше АҚШ елшісі келіп кетті. Соған бола облыстық музейде көрме өткіздім. Бір жұмысымды ұнатып, сатып алды. Егер үйімде көрме залым болса, келгендер көре алатын еді.

- Кәріпбек Күйіковтің шәкіріті болғысы келетін жастар бар шығар. Шәкірт тәрбиелейсіз бе?

 - Жоқ. Оқушылар мен ата-аналардан ұсыныс болды. Бірақ мен педагог емеспін. Әрі балалар сабаққа емес, маған қарап отыратын болады. Бұл бос әурешілдік.

- Қаңтардан кейін өміріңізде не өзгерді? Жаңа Қазақстанды қалай суреттер едіңіз?

- Шығармашылық адамы ретінде өзгерісті байқаймын. Кейбір шешімдерді көргенде төбе шашым тік тұрады. Өз басым жануарларды салғанда жақсы көрем. Әрине жануарлар үшін жаным ашиды. Өркениетті елдердегілей сауатты заң қабылдап, жануарларға қатыгездікті азайту керек. Қаңтар туралы суретім бар. Аспанды қара бұлт басып, жер бетіндегі жануарлар абдырап жатқаны суреттелген. Қазақстанның басына қара бұлт үйіріліп, аспанда кішкентай сәуле пайда болғанын білдіретін. Алматыда балаларды атып жатқанда мен де қорықтым. Жиырмасыншы ғасырда байқаусызда қалай баланы атып өлтіруге болады? Бұл қаруды емін-еркін қолданып, атып жүре беретін Голливуд (фильм – ред.) емес қой. Бұл менің елім, осы мемлекетте болып жатқан әр жағдай маған да қатысты деп қабылдаймын. Мейлі ол қуаныш, мейлі қайғы болсын елмен бірге бөлісемін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама