×

«Қазақстанда орыс тілінің қолдану аясы тарылып жатыр» – СІМ жауабы

Ресейдің Қазақстандағы бас консулы Евгений Бобров 26 тамызда қызметінен кеткен

 Дәурен Ерболат 28.08.2023 | 17:20
© Sputnik / Тимур Батыршин

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейдің Қазақстандағы бас консулы Евгений Бобровтың «Қазақстанда орыс тілінің қолдану аясы тарылып жатыр» деген мәлімдемесіне түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол (Евгений Бобров – авт.) ақпаратты білмейтін шығар. Алматыда болған соң тек шектеулі ақпаратқа сүйенген болар. Бірақ 26 тамыздан бері ол Қазақстанда жұмыс істемейді. Қазір Евгений Бобров Ресейдің Алматыдағы бас консулы емес, - деді ол СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстанда орыс тілінің аясы тарылмаған.

«Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда мемлекеттік 7 711 мектеп бар. Тек қазақ тілінде білім беретін – 3957 мектеп, орыс тілінде білім беретін – 1203, ал аралас мектеп саны – 2 551.

Осы дерекке сүйенсек – жоғары көрсеткіш. Алайда уақыт талабына сай қазір қазақша білім беретін мектептердің саны артып жатыр», - деді ресми өкіл.

Журналистердің бірі Айбек Смадияровтан «Сіздер Ресейдің осындай лауазымды тұлғаларының Қазақстанның ішкі мәселесіне қандай да бір баға беріп, пікір білдіруін қалай бағалайсыздар?» деп нақты сұрақ қойды.

Әрине, ол дұрыс емес. Қазір ол (Евгений Бобров) Қазақстанда жоқ, кетіп қалды, - деп жауап берді СІМ өкілі.

Еске салайық, Евгений Бобров ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұқбатында Қазақстандағы орыстілді сыныптардың азайғанын айтып, бұған Қазақстан оқу-ағарту министрлігін айыптаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама