Каспийге қара сұйықтық төгу оқиғасы бойынша тексеру басталды

Қымбат Елтайқызы

Теңізге әдейілеп ағызылған қап-қара сұйықтық видеосы халық наразылығын туғызды

фото: Halyq Uni

Экология министрлігі желіде қоғамдық резонанс тудырған Каспий теңізіне қара сұйықтық төгу фактісі бойынша мәлімдеме жасады.

«Маңғыстау облысының экология департаменті осы дерек бойынша жедел әрекет ету мақсатында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ке (серіктестік) тиесілі ЖЭО-1 аумағына барды. Тексеру барысында атмосфералық ауа сынамасы алынды. Олар шектен шығу көрсеткішін көрсетпеді. Сондай-ақ су жинау каналынан су сынамасы алынды. Оның нәтижелері қазір анықталып жатыр. Серіктестік түсініктемесіне сәйкес, ЖЭО-1 су тарту арнасы ЖЭО-1 технологиялық қажеттілігіне теңіз суын беруге және бастапқы су ретінде «Каспий тұщыландыру зауыты» ЖШС ауыз суын дайындауға арналған», – деді министрлік.

Ведомство мәліметінше, Каспийдің күрт таяздануынан «МАЭК-Казатопром» ЖШС теңіз суының қажетті деңгейін ұстап тұру үшін ЖЭО-1 су жинау арнасында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Серіктестіктің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар теңіздің экологиялық қауіпсіздігіне әсер етпейді.  

Қазір департамент рұқсат беру құжаттарының бар-жоғын анықтап жатыр. Су сынамасын талдау нәтижесі бойынша Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады, – деді экология министрлігі.

Каспий теңізінде итбалықтар жаппай қырылып жатыр. Мамандар Маңғыстаудағы итбалықтардың неден қырылып жатқанын анықтай алмай отыр. Атырау облысындағы көлден жарты тонна өлі балық жиналды. Каспийде 100-ден астам браконьер ұсталды. Павлодар облысында браконьерлерден 300 келіге жуық балық тәркіленді.