×

Каспий теңізінде итбалықтар жаппай қырылып жатыр

Жануарлардың ұшалары «Қаражанбас» кен орнының маңында табылған

 Қымбат Елтайқызы 27.04.2022 | 09:30
коллаж: Halyq Uni

Экология министрлігі Қаражанбас кен орнының су бөгеті аймағында итбалықтардың қырылуы бойынша ақпарат берді.

2022 жылы 26 сәуірде әлеуметтік желілердегі мәліметке мониторинг жүргізу барысында Каспий теңізі жағалауында, «Қаражанбас» кен орнының су бөгеті маңында өлі итбалықтардың 50-ге жуық ұшасы табылғаны туралы дерек анықталды, – дейді ЭГТРМ балық шаруашылығы комитеті.

Оқиға орнына Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары жедел жолданды.

«Жауапты мемлекеттік органдар арасында 2021-2022 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес, су жануарларының жаппай қырылу және қауіп-қатерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылып жатыр. Осы мақсатта облыстық құқық қорғау, табиғат қорғау органдары, прокуратура, ветеринария, жергілікті атқарушы орган, экология және төтенше жағдайлар департаментіне жедел хабарланды», – делінген ақпаратта.

2022 жылы 26 сәуір сағат 23:00-ге дейін келіп түскен мағлұматқа сәйкес, теңіз жағалауының әрбір жерінде жатқан 22 өлі итбалық табылды. Итбалықтардың өлу себептерін анықтау үшін жануарлардың ұшаларын зертханалық тексеруге алу мүмкіндігін инспекция қызметкерлері қарастырып жатыр. Өйткені олардың денелері ыдырау күйінде.

Қазір Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының инспекторлары балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметімен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелерді бақылап жатыр. Балық қорғау инспекторлары зертханалық зерттеулер жүргізу үшін бірнеше итбалық, теңіз суы мен топырақтан сынама алды. Олар экология департаменті мен ветеринарлық қызметіне тапсырылады. 2022 жылғы 27 сәуірде аталған орган қызметкерлері оқиға орнына шығуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар аталған факт туралы БҒМ ғылым комитетінің «Микробиология және вирусология институты» зертханасының қызметкерлері, сондай-ақ «Гидробиология және экология институты» Батыс Қазақстан мекемесінің қызметкерлері хабардар етілді. Жағалауды бақылау жұмыстары жалғасып жатыр, – дейді комитет.

Атырауда малдың қырылуы: АШМ жағдайды бақылауға алды. СҚО-да індеттен ірі қара мал қырылып жатыр. Атыраудағы жылқылардың неден қырылып жатқаны белгілі болды. Экология министрі Маңғыстауда қырылған қоқиқаздарға қатысты пікір білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама