×

СҚО-да індеттен ірі қара мал қырылып жатыр

Өңірде 4 шаруашылықта мал шығыны бар

 Самат Жақып 04.04.2022 | 16:15
фото: uprvetro.donland.ru

Солтүстік Қазақстан облысында Тимирязев ауданына қарасты төрт бірдей шаруа қожалығында мал қырылып жатыр. Алайда нақты қанша ірі қара мал қырылғаны әзірге белгісіз. Себебі облыстық ветеринария басқармасындағылар бұл жайында мәлімет жариялауға асығар емес.

Ал бүгін Мәжілісте өткен жиыннан кейін ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

«Қазіргі тексеріс жүріп жатыр. Өңірдегі малдар ринотрахеит індетіне шалдығуы мүмкін деген болжам бар. Егерде осы диагноз расталса, онда карантиндік іс-шаралар  жүргізіледі. Яғни толықтай вакцинация, дизенфекция жүргізіліп, барлық жұмыс қолға алынаады», - деді комитет төрағасы Асқар Жақыпбеков.

Еске салайық, бүгін Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев Қазақстанда ветеринарлық инспекторлардың өз міндеттерін атқаруға деген құлықсыздығынан малдардың қауіпті инфекция жұқтыруы жиілегенін айтты.

«Инспекторлар жұқпалы емес аурулар бойынша есептің шынайылығы үшін жауапкершілікке тартылмайды. Жануарлардың денсаулығына қатысты монитроинг жүргізу үшін қан биохимиясын (талдауын) жүргізумен ешкім айналысып жатқан жоқ. Сондықтан соңғы жылдары жануарлардың адамдарға жұғатын өткір және созылмалы инфекциялық ауруларға шалдығуы жиіледі», - деді Ерлан Барлыбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама