Каспийге қара сұйықтық төгу оқиғасы бойынша тексеру басталды
Теңізге әдейілеп ағызылған қап-қара сұйықтық видеосы халық наразылығын туғызды
Экология министрлігі желіде қоғамдық резонанс тудырған Каспий теңізіне қара сұйықтық төгу фактісі бойынша мәлімдеме жасады.
«Маңғыстау облысының экология департаменті осы дерек бойынша жедел әрекет ету мақсатында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ке (серіктестік) тиесілі ЖЭО-1 аумағына барды. Тексеру барысында атмосфералық ауа сынамасы алынды. Олар шектен шығу көрсеткішін көрсетпеді. Сондай-ақ су жинау каналынан су сынамасы алынды. Оның нәтижелері қазір анықталып жатыр. Серіктестік түсініктемесіне сәйкес, ЖЭО-1 су тарту арнасы ЖЭО-1 технологиялық қажеттілігіне теңіз суын беруге және бастапқы су ретінде «Каспий тұщыландыру зауыты» ЖШС ауыз суын дайындауға арналған», – деді министрлік.
Ведомство мәліметінше, Каспийдің күрт таяздануынан «МАЭК-Казатопром» ЖШС теңіз суының қажетті деңгейін ұстап тұру үшін ЖЭО-1 су жинау арнасында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Серіктестіктің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар теңіздің экологиялық қауіпсіздігіне әсер етпейді.
Қазір департамент рұқсат беру құжаттарының бар-жоғын анықтап жатыр. Су сынамасын талдау нәтижесі бойынша Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады, – деді экология министрлігі.
Каспий теңізінде итбалықтар жаппай қырылып жатыр. Мамандар Маңғыстаудағы итбалықтардың неден қырылып жатқанын анықтай алмай отыр. Атырау облысындағы көлден жарты тонна өлі балық жиналды. Каспийде 100-ден астам браконьер ұсталды. Павлодар облысында браконьерлерден 300 келіге жуық балық тәркіленді.