×

Ғалымдардың қартаюы және Назарбаев университетінің болашағы: Ғылым комитеті төрағасымен сұқбат

Дархан Ахмед-Заки ғылымда бірнеше жылда қандай өзгеріс болатынын айтып берді

 Айгерім Таубай 26.06.2023 | 16:53

Назарбаев университетіне бөлінеетін қаражатты азайтып, грант санын қысқартқаннан пайда жоқ. Себебі ол жерде еліміздің жастары білім алып, ғылыми орта құрып жатыр. Мұндай пікірді Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты. Сондай-ақ ғылыммен айналысатын адамдардың санын докторантураға бөлінетін грант арқылы көбейту жоспарланып отырғанын айтты.

– Дархан Жұмақанұлы, оқырманға түсінікті болуы үшін Ғылым комитетінің немен айналысатынын бір-екі ауыз сөзбен айтып өтсеңіз…  

– Ғылым комитеті Қазақстандағы ғылым саласындағы саясатын жүзеге асырумен айналысады. Оның бірі – грантты үйлестіру, ғалымдардың ғылыми жұмыстарына байланысты мәселелерді шешу. Қазір ғылымға қойылған тапсырмаларға сәйкес сұраныс та жоғары. Комитеттің жұмысы – сол сұраныстарға толық жауап беру.

– Ғылымның бөлек министрлік болып шыққанына бір жылға жуық уақыт болды. Нақты қандай өзгерістер бар?

– Біздің министрлік бөлініп шыққандықтан, бұған дейін істелген жұмыспен сабақтастық болуы керек. Сондықтан заңнамалық тұрғыда шешілген жұмыстарды нақты шараға енгізу жолдарын іздеп жатырмыз. Бір жылдың ішінде істелген үш жұмысты айтуға болады.

Біріншісі – Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік статустың берілгені. Президент жанындағы мекеме дәрежесіне ие болып, академияның президенті тағайындалды.

Екіншісі – «Ғылым және технологиялық саясат» заңнамасының әзірленгені.

Үшіншісіне келсек, қоғамда «университеттік ғылым» деген ұғым бар. Жасалып жатқан ғылыми жұмыстардың барлығы бизнестің сұранысына ие болуы үшін ғылыми-инновациялық экожүйені қалыптастыру қажет. Іргелі ғылым мен қолданбалы ғылымды лаборатория ішінде жүзеге асыру қажет болса, оны өндіріске апару үшін технопарк пен инженерлік орталықтар керек. Осы бағыттағы жұмыстарды алға қойып, жақында өткен Жоғары ғылыми-техникалық кеңесте шешім шығардық. Енді қаржыландыру басталады. Яғни, университеттердің әлеуетін кеңейтіп, толыққанды жүзеге асыру, бизнеске бір қадам жақындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Салық кодексіне енгізу қажет өзгерістерді де әзірледік. Салық бойынша ынталандыру тетіктерінің бірі – бизнес өзінің қаржысын ғылымға жарататын болса, соған сәйкес жеңілдік алу жолдары.  Желтоқсан-қаңтарда заң бойынша ұсыныстар берілді, Парламент деңгейінде қарастыру керек.

Ғылым бағытындағы жетістіктерді жылдам жүзеге асыру өте қиын. Ол баяғыдан қалыптасқан ғылыми мектептердің негізінде жүзеге асады. Үлкен буын мен жаңа буынның арасындағы сабақтастық арқылы жаңа ғылыми жетістіктер қалыптасады.

– Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік статустың берілгенін айттыңыз. Бұл бізге не береді?

– Салыстырмалы түрде қарасақ, кезінде Ғылым академиясының алар орны да ерекше болатын. Кеңес үкіметі кезінде жұмылдыру моделі арқылы кез келген тапсырма жоспарлау арқылы жүзеге асатын. Мәскеу деңгейінде тапсырма алып, ғылым орталықтары жоспарды орындайтын. Ал жоспарлау Ғылым академиясына жүктелетін.

Бұл жерде басты мақсат – Ғылым академиясының жаңа ортада өз орнын алуы. 1990 жылдары соған сәйкес келмей қалды. 2000 жылдардың басында академия мемлекеттік статустан айырылды. Сонша жыл бойы Ғалымдар қауымдастығы қалыптасумен қатар жаңа сұраныс келді. Бұрынғы статусты аңсаған ғалымдарымыз бар. Ғалымдар ұсыныс жасады, соны президент қолдап, тапсырма берді. Ғылым туралы заңның ішінде белгіленген нормаларға сәйкес, Ұлттық ғылым академиясы негізгі үш бағытқа жауап береді.

Біріншіден – эксперттік-аналитикалық сараптама. Жыл сайын дайындалатын ғылым туралы есеп береді.

Екіншісі – келешекте қандай ғылыми ізденістерді жасау керек екенін сараптамадан өткізеді.

Үшіншісі – еліміздегі ғылым саласындағы сыйлықтар мен стипендияны беруді жүзеге асырады. Осылайша Үкімет жұмысының бір бөлігін өз мойнына алып отыр.

– Ал бизнес өкілдері ғылымға қаншалықты қызығып отыр?

– Жақында Қазақстандағы үлкен біршама компанияға барып шықтық. Ішінде «Қазцинк», «ҚазАзот» бар. Солардың көпшілігі өз ішінде ғылыми орталықтар ашқан. Олар ғылымға жүгінген шешімді қабылдағысы келеді, бірақ кім қаржыландырады? Жер қойнауын пайдаланушыларының жылдық табысының 1 пайызы ғылымға бағытталады. Ол ақша қазір өздеріне кетіп жатыр. Сол ақшаны отандық ғалымдарға да беру керек. Сол кезде қабылданған оңтайлы шешімдердің өзі біздің ғалымдарды да бәсекелестік ортаға алып келеді.

– Ал ол қаражатты беру үшін қандай да бір жұмыс істеліп жатыр ма?

– Қазір Энергетика министрлігінің ішінде департамент жұмысты үйлестіреді. Заңнамалық тұрғыда бір жолға қою үшін ақша бөліп қаржыландырылатын ғылыми жұмыстарды тіркеуден өткізуіміз керек. Екіншіден, сараптамадан өткізу қажет. Ол ғылыми жұмыс екеніне көз жеткізу үшін қажет.

– Бұған қанша уақыт кетеді?

– Жаңа заң алдағы 1-2 айда Парламентке енгізіледі. Жарты жылдың ішінде негізгі механизмдерді заңдастыру қажет. Сол кезде жер қойнауы байлығын пайдаланушылар ақшасын Ғылым министрлігі шартты түрде жарты жылда бақылауға алады.

– Осы бастамаларды жүзеге асыратын ғалымдарға келсек, қазір ел бойынша ғылыми бағытта еңбек етіп жүрген азаматтардың орташа жасы 59 жас екені айтылды. Бұған дейін министрдің өзі жастардың ғылымға келмейтінін айтты. Бұл мәселе қалай шешіледі және оған қанша уақыт қажет?

– Қазір 22 400-ден аса ғалым осы бағытта жұмыс істейді. 30-40 пайызы – жастар, 30-40 пайызы – 55 жасқа дейінгі буын. Кезінде ғылым бағытынан неге көп адам кетті? Әлеуметтік тұрғыда ғылымға көп қаржы бөлінбеді. 2-3 жылдың ішінде қаржыландыру күрт көбейді. Былтыр 60-70 млрд теңге болса, биыл ғылым бағытындағы жұмыстарды қаржыландыруға 158 млрд теңге бөлінді. Бұл – біріншісі.

Екіншіден, ғылыми ортаны қалыптастыру. Ғылыми мектептің көпшілігі іргелі ғылымға жүгінетін болса, қазір әлемде пәнаралық деңгей шығып жатыр. Жасанды интеллект, биохимия бағыты болсын жаңа тапсырмаларға дайын болуы керек. Қаншама ғалым «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге барып келіп жатыр. Былтыр 400-ден астам, биыл 500-ден астам ғалым әлемдік ғылыми орталықтарға барып қайтады. Яғни, өздерінің күнделікті жасап жатқан жұмыстарының әлемдік деңгейде орны қандай екенін, ғылыми зерттеу әдістерін үйреніп келеді. Ғалымдар шетелде жинаған тәжірибесін жас ғалымдарға үйретіп жатыр. Соның нәтижесінде ғылыми мектептердің бәсекелестігі де артады. Сол кезде ғылыми ортаға жастар келеді. Кейбір бағыт бойынша жақын арада бұл мәселе шешіледі.

Қазір ғылым ұлттық деңгейде емес, халықаралық деңгей шеңберінде шешіледі. Астрофизика, ғарыш кеңістігін зерттеу, биохимия бойынша каллобарациялық консорциумдарды қолдау қажет. Соның нәтижесінде көп ғалым халықаралық концорциумдарға шақырылмайды. Соған байланысты еліміздегі ғалымдардың жұмысы Ұлттық деңгейде болып қалады. Сұранысқа ие ғалымдарымыз көп емес.

Ғалымдардың жасына келсек, мұны қысқа мерзімде шешу оңай емес. Жаңа буын керек. Тапсырмаға сәйкес, жыл сайын докторантураға түсетіндердің саны 5 мыңға көбейеді.  Жылына 5 мың PhD докторант түсетін болса, оларға талапты дұрыс қоя білсек, қазіргі жастардың қатарына қосылады. Оған сәйкес, зерттеу әлеуеті де өзгереді.

Жоғары білім және ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, өзгерістер 2023-2029 жылдар аралығында болады деп жоспарланған. 2029 жылдан кейін ғылымда өзгерістерді көре аламыз.

– 5 мың грант беру қай жылдан бастап іске асады?

– Қазір 1 500 грант бөлінеді, бірақ мың адам оқуға түседі. Себебі PhD докторантураға түсу де оңай емес. IELTS сертификаты қажет. Ағылшын тілін білмей, әлемдік деңгейдегі жаңалықтарды үйрену қиын болады. Грант санын бірден 5 мыңға көбейтпейміз. Келесі жылы бір жарым есе, одан кейін екі есе көбейеді.

– Докторанттар Scopus журналына неше мақала жариялауға тиіс?

– Қазір оның бірнеше жолы бар. Ол журналдың сапасына байланысты. Q1 тобындағы журналған бір мақаласы шықса, соның өзі жеткілікті. Бұл жағдайда жұмыстың әлем деңгейінде бағаланғанын көрсетеді.

Кейбіреу «содан құтылсақ қой» дейді. Егер олай жасасақ, біздің Ұлттық ғылым өз шеңберінде ғана қалады. Кей бағытқа Scopus журналына мақала жарияламауға рұқсат берілген.

– Мемлекет ғылымда қай бағытқа көп көңіл бөліп отыр?

– Үш бағытқа көңіл бөледі. Біріншісі – қауіпсіздік. Оның ішінде биологиялық қауіпсіздік, су және Ұлттық қауіпсіздік те бар. бұл бағытта жақсы зерттеулер жүзеге асып жатыр.

Екінші бағыт – өндіріс. Химиялық, металургиялық, жаңа заттарды өңдеп алу да тікелей тапсырысқа байланысты дамиды.

Үшінші бағыт – әлеуметтік, гуманитарлық тақырып.

НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БОЛАШАҒЫ

– Дархан мырза, елімізде Назарбаев университетіне қомақты қаражат бөлінгені, басқа жоғары оқу орындарына мұндай жағдай жасалмағаны айтылды. Министрдің өзі бұл оқу орнының ішкі жұмысына араласа алмайтынын айтты. Келешекте қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Кез келген экономикасын өзгерткісі келген ел міндетті түрде университеттерге көңіл бөледі. Кез келген экспериментті күнделікті тексере берсеңіз, оң нәтиже бола ма? Сондықтан сенім керек. Жақсы ғалымдар мен мамандардың, білімді студенттердің шоғырланған жері қосылатын болса, оған инфрақұрылым қалыптастыруға мемлекеттік түрде қолдау болуы керек. Дәл осындай моделдік деңгейде Назарбаев университеті қалыптасты.

Аз ақшаға жоғары деңгейде сапаны қамтамасыз ету қиын. Елдегі басқа университеттерде кейінгі 2-3 жылда грант саны көбейді. Ал Назарбаев университетінде басынан бастап солай болды.

...Назарбаев университетінің жұмысына толық баға беру мүмкін емес. Қаражатты үнемдеуге болады. Ғимараттар салынып, құрал-жабдық алынып болды. Бөлінген қаражатты күрт кесіп тастамай, тең дәрежелі ғылыми жұмыстарға баулысақ, синергиялық эффектке жетеміз. Қаражатты күрт үзіп тастаса, ол орта бұзылады.

Басқару жүйесі ол жерде басқа. Белгілі бір заңы бойынша басқарылады. Елімізде ол оқу орнының орны ерекше болса, жұмыстың нәтижесі де ерекше болуы керек. Мысалы патент санын көбейтейік.

– Қаржыландыру азая ма?

– Грант санын азайтқаннан логика жоқ. Ол жерде қазақтың баласы оқып жатыр. Бәрін қосқанда 10 мың адам білім алып жатыр. Сол ортаны бұзып алмау керек. Қаржыландыруды азайтып, өз деңгейімізде қалдырсақ әлемдік деңгейдегі университет болып қалыптаспайды.

– Депутаттар Назарбаев университетінің ешқандай рейтингте жоқ екенін айтып отыр. Мұны қалай түсіндіріп отыр?

– Бұл өзінің ішкі стратегиясына байланысты шығар. Депутаттардың көтеріп отырған мәселесі дұрыс. Неге қазірге дейін рейтингтерге қатыспады? Енді қатысатын шығар. Қазірдің өзінде біздегі барлық университет ол рейтингке қатыспайды. Себебі дайындық керек. Теңдәрежелі бәсекелестікке түсу үшін соған дайын болу керек. Дайын болмай тұрып барса, мың университеттің ішіне де кірмей қалуға болады.

– Дархан Жұмақанұлы, уақыт бөліп, ғылым саласындағы жаңалықтар туралы ақпарат бергеніңізге рақмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама