×

Сан-Марионаға қарсы ойын қиын болады – Бахтиер Зайнутдинов

Бахтиер Зайнутдинов алдағы матчқа толық дайын екенін айтты

 Дастан Жұмабекұлы 16.06.2023 | 13:56
фото: Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов БАҚ өкілдеріне Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі Сан-Марино командасымен ойын туралы ойын айтты.

– Бахтиер, ЦСКА сапында Ресей Кубогындағы жеңістен кейін өзіңді қалай сезініп жүрсің?

– Еліміздің абыройын қорғау үшін ұлттық құрамада әрқашан үлкен құлшыныспен ойнаймын. Кубоктағы жеңіс мені шабыттандыра түсті. Сан-Марионмен матчқа толық дайынмын деп айта аламын. 

– Ресей кубогын алғанда көз жасыңызға ерік бердіңіз. Эмоцияңызды жасыра алмадыңыз ба? 

– Бұл жай ғана эмоция. Шыны керек, Ресейде өткен соңғы бес жылда алғаш рет үлкен жеңіске жетіп отырмын. Сол себептен көңілім босады.

– Сан-Мариномен ойын туралы не айта аласыз? Шабуылшы болып ойнайтын сияқтысыз. 

– Сан-Мариномен ойын оңай болмайды. Қарсыластың қорғанысын бұзу оңай болады деп ойламаймын. Қарсыласты бағаламау деген болмау керек. Барлығына жүз пайыз дайынбыз. Шынын айтқанда позициям туралы әлі білмеймін. 

– Төрт жыл бұрын Астанада Сан-Мариномен кездесіп, ірі есеппен ұттық. Сол ойын есіңізде ме? 

– Астанадағы матчта ойнамадым. Ал сырт алаңдағы ойын әлі де есімде. 3:1 есебімен жеңіске жеттік. Сол кезде де оңай ойын болмады. Осы уақыт аралығында қарсылас барлық жағынан күшейе түсті. Қарсыластың бүгінгі ойынын қарап, бұрынғы команда деп айта алмаймын. 

– Ал мына сұрақты осы жерде қою керек болып тұр. Соңғы жылдары А сериясы туралы әңгіме көбейіп кетті.  Келесі маусымда Италияда ойнауға шақырту алған жоқсыз ба?

– Топ-5 чемпионатында ойнау – менің бала кезден бергі арманым. Ол үшін ЦСКА-ға да , маған да жақсы ұсыныс болу керек. Армадар орындалады дейді ғой. Сол үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап жатырмын.  

– А сериясының өкілдері, агенттері қонақ үйге келмеді ме? 

– Жоқ, келген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама