×

Бізде 30 жылда жаңадан өзін-өзі қамти алатын бір ауыл салынған жоқ – жас маман

Оның өзі тұрақты даму қорын құрудың тиімділігіне жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлерді сендіре білген

 Халық үні 13.04.2023 | 15:55

30 жылда Ақмоланы Астанаға айналдырып, шетелдіктер келгісі келетіндей қала салдық. Бірақ осы 30 жылда әлемдік деңгейдегі ауылдармен теңесе алатын бірде-бір ауыл салған жоқпыз, - дейді Серік Жүнісов.

Айта кетсек, ол – Шығыс Қазақстан облысындағы Катон-Қарағай ауданында тұрақты даму қорын құрып, туған жерге туын тіккен азамат. Мақсаты – экономикасы ешкімге тәуелді емес, өзін-өзі қамтыған мекен жасау.

Қазір ауылдар қалай дамып жатыр? Олардың 10-20 жылға ұзақ мерзімді бас жоспарлары жоқ. Бізге Еуропадағы секілді мастер-жоспарлар енгізу керек. Катон-Қарағайдың мысалында айтайық. Мастер-жоспар құрылып, аудан өзін-өзі қалай қамтамасыз етеді? Экономикасы қалай дамиды? Жергілікті халық жұмыспен, табыс көзімен қалай қамтамасыз етіледі деген жоспар керек. Екіншісі, ауданның әлеуметтік саласы қалай дамиды, оның образы қандай болады деген сұраққа жауап берілуі керек. Осындай мастер-план болса, ауданда қанша әкім ауысса да, ол жергілікті жұртқа әсер етпей, аудан өз жүйесімен дами беруі керек. Сондай-ақ сәулетінің коды керек. Мысалы Италияда әрбір жердің өзінің архитектуралық ерекшелігі керек. Біз 30 жылда урбанистика принциптеріне негізделген қала салдық қой, Астананы салдық. Бірақ 30 жылда жаңадан бір ауыл салмадық, - дейді Серік Жүнісов.

Ресурстар жеткілікті болса да жаңадан бірде-бір ауылдың салынбауының себебі – мемлекеттің алдына ондай мақсат қоймауынан деп есептейді ол. Ал өзі тұрақты даму қорын құрудың тиімділігіне жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлерді сендіріп, жұмылдыра білген.

Мысалы, ауылдың бір тұрғыны үйін жөндеуден өткізіп, туристерді қабылдайды. Екінші біреуі оларды атпен серуендетіп, орман-көлдерді аралатады. Тағы бір тұрғын қолөнер бұйымдарын жасап, туристерге сувенир ретінде сатады. Бұл тұрғындар арнайы оқудан өтеді және оларға грант беріледі. Бәрінің тірлігі бір-бірімен байланысқан болуы шарт. Туристерді қабылдайтын туроператорлармен келісім жасалып, жаңағы тұрғындар бір кластерге айналады, - дейді жас маман.

Серік Жүнісовтің айтуынша, бұл тәжірибені еліміздің әр өңіріндегі климаттық және архитектуралық ерекшелігіне сай қолдану қажет.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Сұрауы бар» Youtube-арнасына шыққан жоғарыдағы видеодан көре аласыздар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама