×

«Оңтүстіктен солтүстікке көшіру – бос сөз». Белгілі ақын бағдарламадағы олқылықтарды атады

Несіпбек Айтұлы солтістекке көшіп барған адамдарды ауылдарға емес, қалаға орналастырған дұрыс деп есептейді

 Наима Нұрәлі 18.02.2023 | 10:48

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасын сынға алды.

«Шекараны бекіттік деп мақтанамыз. Жарайды делік, қол қойып құжат жүзінде бекіткен шығармыз. Бірақ шекараң ашық жатыр ғой. Оңтүстіктегі елді солтүсткке көшіру керек деп жатыр. Осының барлығы – бос сөз. Әкімдер оңтүстіктегі елді көндіріп, 20-30 үй алып келіп, кешегі ел көшіп кеткен, иен қалған ауылға апарып тастайды. Оның өзінде жыртық үйді береді. Оған бөлінген ақшаны жымқырып, сау тамтығын қалдырмай, бірдеңе берген болады. Одан кейін барған ел қайта көшіп кетпегенде не істейді? Осының бәрін кеңінен ойлану керек. Солтүстіктегі қаланың өзіне қолжетімді үй салу керек. Оңтүстіктің халқы саудаға, шаруға өте икемді халық. Соларға үй салып беріп, алдымен қаланы алуы керек. Айдалаға апарып тастасаң, олар қайта қашады», - деді ақын.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүгінде өңірге қоныс аударған 600-ден аса адам, оның ішінде ондаған қандас солтүстіктегі өмірге бейімделе алмай жатыр. Еңбекке жарамды 4 мың қоныс аударушының мыңға жуығы жұмыссыз. Оларға берілген әрбір үшінші үйде ақау бар болып шықты.

«Шекарадағы ауданның бәрі қаңырап бос жатыр. Марқакөл, Мақаншы сияқты шекара бойындағы Сафуан Шаймерденнің ауылы иен қалған. Осындай мемлекеттік деңгейде үлкен мәселе бар. Шекаралық аудандарға жағдай жасау керек. Халық кеңес кезінде қойшыларға арнап салынған үйлерде тұрып жатыр. Бәріміз Астанаға жиналып алып, дүниенің бәрі бос қалатын болса, ол жерлерге кім ие болады? Бұл мәселені Астана әкімдігі жалғыз шеше алмайды. Мемлекеттік деңгейде шешілуі керек», - деді Несіпбек Айтұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама