×

«Ана сүтінен де табылды». Нұра өзеніне 3 мың тоннадай сынап төгілген

Ол балаларды ақыл-ой кемістігі, бүйрек, бауыр, асқазан, көз ауруларына ұшыратады

 Еркеғали Болатұлы 10.02.2023 | 10:15
фото: дереккөз

Қарағанды облысында Нұра өзенінің жағасында тұратын Чкалово, Садовое ауылдарының тұрғындары халықтан сынама алып, медициналық тексеруді талап етіп отыр. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын мамандар өзеннен сынаптың жоғарғы мөлшерін анықтаған. Сөйте тұра улы затты жинайтын ескі коллектор әлі айырбасталмапты. Бұл туралы «Астана» телеарнасмы хабарлады.

Теміртау маңындағы Чкалово, Садовое ауылдары тұрғындарының сынаптан қауіптенуі тегін емес. 90-жылдары қаладағы бұрынғы «Карбид» химиялық зауытының сынап цехынан өзенге 2-3 мың тонна сынап төгілген. Сол кезде тазарту қондырғысында жұмыс істеген ауыл тұрғыны Александр Жукевичтің айтуынша, зауыттан мыңдаған тонна топырақ шығарылып, арнайы қорымға көмілген. Алайда улы металл топыраққа сіңіп қалды дейді ол.

Ауыл шетінде зауыттан шыққан сұйықтықтарды ағызатын арық бар. Ол сынаппен, басқа заттармен де ластанған. Менделеев кестесіндегінің бәрі сонда. Сынапты тазартқан болды. Бірақ топырақтың астында қалып қойды. Аққан су оны шайып жатыр. Сынапты сезу мүмкін емес. Денсаулыққа өте зиян. Ағзадан медициналық талдауда ғана анықталады. Халықтан, топырақтан, судан, малдан сынама алып, тексеру керек, - дейді Александр Жукевич.

Ал Нұра өзеніне құятын ағын су Чкалово ауылынан небәрі 200 метр қашықта жатыр. Ол суды мал да ішеді. Көктемде ол арнасынан асып, өзге өзен-көлдерге де құйылады екен. Сондай-ақ ластанған су тұрғындардың ауласына дейін ағып келеді. Сондықтан жұрт аулалардан сынама алуды да сұрап отыр.

Тәуелсіз экологтар өзен суының жартылай ғана тазартылғанын айтады. Ал улы металдың жоғары мөлшерін бірнеше жыл бұрын чех ғалымдары анықтаған. Нәтижесі адам шошырлық.

Біз сынапты ана сүтінен, шашынан да таптық. Оның мөлшері жоғары, ағзаға қауіпті. Балаларды ақыл-ой кемістігі, бүйрек, бауыр, асқазан, көз ауруларына ұшыратады. Өйткені суды адамдар пайдаланып отыр. Нұраны толық тазарту керек. Ескі коллектор тесілген. Оны айырбастамайынша, барлық арналарын тазартпайынша, мәселе шешілмейді, - дейді тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков.

Бірнеше жыл бұрын дүниежүзілік даму банкінен несие алынып, Нұраны тазартуға 180 млн доллардан аса қаржы бөлінген. Алайда өзенге зиянды қалдықтарды жібермей тұратын коллектор айырбасталмаған. Оны жергілікті экология департаменті де растады. Қазір сынап шығаратын зауыт жоқ, ал ескі коллекторды басқа зауыт пайдаланады. Сондықтан оны жаңарту сол кәсіпорынға жүктелген.

Өнеркәсіптік әрекетінде ешқандай сынапты қолданбайды, бірақ ол анау коллектордың ішінде бар. Суларын сыртқа шығару кезінде, әрине, Нұра өзенінің ластануы мүмкін. Осындай қауіп бар. Кәсіпорын өз қаражатымен жаңа су тазарту қондырғыларын салып жатыр, - деді облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Есжанов.

Жаңа коллекторды 2025 жылы іске қосу жоспарланған. Алайда Теміртаудың өндірістік қалдықтары әлі екі жыл бойы Нұраға құйылса, Қазақстанның басқа да өзендерін ластау қаупі бар. Сондықтан коллекторды мерзімінен бұрын айырбастау үшін бірнеше кәсіпорын жергілікті әкімдікпен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама