×

Оңтүстікте 1-2 бөлмелі пәтерге сұраныс артса, солтүстікте баспана нарығы тұралап тұр

Халықтың 70-80 пайызы баспананы банк арқылы несиеге рәсімдейді

 Еркеғали Болатұлы 12.01.2023 | 11:30
фото: ашық дереккөз

Елімізде өткен жылдың соңында тұрғын үй саудасы қызған. Желтоқсан айының өзінде 34 мыңға жуық баспана сатылыпты. Бағасы да ептеп арзандаған. Әсіресе, 1-2 бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары.

Қазір тұрғын үй сату көрсеткіші бойынша оңтүстік өңірлер алда тұр. Ал солтүстікте, керісінше, белсенділік төмен.

Мысалы, Шымкентте нарықтағы пәтерлер 10-15 пайыз арзандаған.

1 бөлмелі пәтерлер 18 миллион теңгеге дейін баратын болса, қазір 13-14 миллион теңгеге дейін түсіп қалды. Екі бөлмелілер 20-22 миллион болатын болса, қазір 18 миллион шамасында. Әрі кеткенде 20 миллионға дейін барып қалады. Негізінен жеке үйлердің бағалары түсіп жатыр. Қолжетімдісі сол болып тұр, - дейді жылжымайтын мүлік сату орталығының басшысы Нұрлан Досымбеков.

Риэлторлар биыл қаңтар басталғалы бері баспана сату мен сатып алудың біршама жандана бастағанын айтады. Пәтер қожайындары нарыққа қарай икемделіп, бұрын шарықтаған бағаны біртіндеп түсіре бастаған. Бұған мемлекеттік бағдарламалар да әсер еткен. Бірақ баға бәріне қолжетімді деуге келе қоймайтын сияқты. Сатып алуды айтпағанда пәтер жалдау ақысының өзі аспандап тұр дейді тұрғындар.

Мамандардың мәліметінше, халықтың 70-80 пайызы баспананы банк арқылы несиеге рәсімдейді.

Осылайша, Шымкентте жеке үйлердің сатылу бағасы 20 пайызға дейін түскен десек, Петропавлда жылжымалы мүлік нарығы тұралап қалған. Онда нарықтың бәсеңдеуі өткен жылдың орта кезінен басталған.

Қазір Петропавлда пәтер бағасы 7 пайызға арзандады. Себебі сатылым шамамен 40 пайызға төмендеді. Бұрын мемлекеттік бағдарламалар нарықты жандандырып отырды. Ал қазір стагнация байқалып отыр, - дейді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Инна Ковалева.

Баспана нарығы бәсеңдегенмен, үйлердің құрылысы тоқтамақ емес. 2022 жылы Петропавлда 30 бюджеттік және коммерциялық тұрғын үй салынған. Биыл жеке сектор мен билік өкілдері бұл көрсеткішті арттыруды көздеп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама