×

ІІМ Астана мен Алматыда сақшылардың тәртібін тексере бастады

Пилоттық жобаны алдымен патрульдік полицияда сынақтан өткізу жоспарланған

 Еркеғали Болатұлы 08.01.2023 | 09:15
фото: polisia.kz

ІІМ Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде полиция қызметкерлерін адалдыққа тексеру тетігін (Integrity Сһеск) енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Мұндай тексерулердің нәтижелері қызмет өткеру және аттестация өткізу кезінде ескерілетін болады.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша оның орынбасарлары Алматы және Астана қалалары патрульдік полициясының жеке құрамына нұсқаулық өткізген.

Марат Қожаев пен Игорь Лепеха еліміздің екі қаласында қоғамдық тәртіпті және халықтың қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ететін қызметкерлердің дайындығын тексерді. Олар қоғамның сұраныстарына ден қойып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақтылы көмек көрсетуге, сондай-ақ сыпайы мінез-құлық пен этикалық нормаларды сақтауға бағытталған полицияның сервистік моделі аясындағы жұмысты еске салды. Сондай-ақ полицейлердің заңдылық пен тәртіпті сақтауына ерекше назар аударылды.

Қазір Integrity Сһеск пилоттық жобасын патрульдік полицияда сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Себебі халықпен күн сайын дәл осы қызмет өкілдері тығыз байланыста. Оларды тексеруді әр түрлі жағдайларды модельдеу арқылы өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері жүргізетін болады.

Негізгі мақсат – құқықбұзушылықтардың алдын алу және полиция қызметкерлерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама