×

Қазақстандағы жекеменшік қарттар үйін ешкім тексермейді – депутат

Ондай мекемелерде қызмет алып жатқандардың құқығы бұзылуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 05.12.2022 | 12:32
Қарттар үй, фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Зарина Камасова елімізде жекеменшік қарттар үйінің саны өсіп жатқанын, алайда оларды ешкім тексермейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға сұрақ қойды.

«...Жеке меншік қарттар үйінің саны өсіп жатыр. Олар өздеріне қарай алмайтын қарттарға ақылы қызмет көрсетеді. Бүгінде олардың қызметі нормативтік актілермен реттелмеген. Олар үшін ереже жоқ әрі лицензия алмайды. Тіпті, мемлекеттік органдар да кейбір жекеменшік қарттар үйінің барын білмейді. Шағын және бизнесті тексеруге жарияланған мараторийға байланысты олардың жұмысын тексеру мүмкін емес. Онда қызметтер сапалы көрсетіліп жатыр ма, осы қызметтерді алып жатқандардың құқығы шектеліп жатқан жоқ па?», – деді ол ведомство басшысына сауалында.

Алайда министрдің жауабы депутаттың көңілінен шыққан жоқ.

Сіз басқа тақырыпта сөйлеп жатырсыз. Біз жекеменшік қарттар үйі туралы айтып отырмыз. Олар порталда тіркелмеген. Олар өздері орталықты ашып, қарттарды алады. Олар еңбек инспекторларын шақырмайды. Олар базада жоқ. Ешкім тексеріп жатқан жоқ. Тіпті, олар туралы жергілікті атқарушы органдар да білмейді, – деді Зарина Камасова.

Кешіріңіз, мен мүгедектігі бар адамдарға қатысты айттым. Сіз егде жастағы адамдар туралы айтып отырсыз. Бұл мәселе бойынша бірігіп жұмыс істейік, – деді министр.

Сондай-ақ депутат Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековке де «Балаларға, мүгедектерге және қарттарға қызмет көрсететін орталықтарға мараторийді алып тастау керек шығар?» деген сауал жолдады.

«Біз әлеуметтік нысандарды жоспардан тыс тексеру немесе жалпы тексеру мәселесін зерделедік. Бұл мәселе бойынша түсінік бар. Президент әкімшілігіне ұсыныс енгіздік. Онда адамдардан шағым түссе, жоспардан тыс тексеру қарастырылған. Егер ұсынысымыз қолдау тапса, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тексеріс жүргізіледі», – деді министрдің орынбасары.

Еске салайық, Қазақстанда 34 мемлекеттік қарттар үйі бар, кейбірінде 700-ге жуық адам тұрады. Бұл туралы «Мархабат» мүгедектер қоғамының төрағасы Дарын Сағдолдин мәлімдеді

Серіктес жаңалықтары

Сараптама