×

«Жекеменшік орталықтар кіргізбейді»: Қазақстанда 10 мыңға жуық адам қарттар үйінде тұрып жатыр

Елімізде 34 мемлекеттік қарттар үйі бар, кейбірінде 700-ге жуық адам тұрады

 Айнұр Шошаева 30.11.2022 | 10:30
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда 34 мемлекеттік қарттар үйі бар, кейбірінде 700-ге жуық адам тұрады. Бұл туралы «Мархабат» мүгедектер қоғамының төрағасы Дарын Сағдолдин мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Аталған ұйым былтырдан бері еліміздегі қарттар үйлері мен халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына волонтерлерді тарту бойынга «Біргеміз қамқор»  жобасын жүзеге асырумен айналысады. Мақсаты – қарттарды қолдап, олардың күнделікті бос уақытын ұйымдастыру. Ол үшін Қазақстанның азаматтық бастамаларын қолдау орталығынан 3 жылға 90 млн теңге грант алған. Биыл жобаның бірінші жылы аясында қарттар үйлеріне 2 мыңға жуық волонтер тартып, 30 шағын грант бөлді. Дарын Сағдолдинның сөзінше, елімізде қариялармен жұмыс істегісі келетін волонтерлер көп.  

«Қазақстанда кез келген адам қарттар үйіне келіп, волонтер бола алады. Алайда көпшілік қарттармен қалай жұмыс істеу керек, тіпті әлеуметтік қызмет орталықтарының қайда екенін білмейді», – дейді ол. 

Оның айтуынша, еліміздің оңтүстік өңірлерінде қарияларға арналған үйлер аз, ал солтүстік өңірлерде 5-6-ға жетеді.  

«Мысалы, Шымкентте бір ғана қарттар үйі бар. Ол Түркістан облысына қарайды, бірақ Шымкентте орналасқан. Қызылорда да бір ғана орталық бар. Негізі қарттар үйі солтүстік өңірлерде Петропавл, ШҚО, Ақтөбе, Орал мен Қостанайда көп, 5-6 қарттар үйінен кездеседі. Былтыр мемлекеттік 34 қарттар үйін аралап шықтым. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталық та бар. Сонда көргенім кейбіреуінде кемінде 200 адам, алды 700-ге дейін барады. Алматы облысының Текелі ауданындағы қарттар үйінде 700 қария тұрып жатыр. Менің есебім бойынша бізде 10 мыңға жуық қарт әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алып жатыр», – дейді Дарын Сағдолдин. 

Сондай-ақ ол Қазақстандағы қарттар үйінің сапасына қатысты пікір білдірді. 

«Былтыр, Ресейдің бірқатар қаласында болып, қарттар үйлерінің жұмысымен таныстық. Салыстырмалы түрде біздікінің жағдайы әлдқайда жақсы. Айта кетейік, бұл жерге келген қариялардың әрқайсының тағдыры бөлек. Көбіне ешкімі жоқ, жалғыз қалған жандар. Балалары болып, тастап кетіп жатыр деп айтуға болмайды», – дейді спикер. 

Волонтерлер қарттарға көңіл бөліп, түрлі бағытта шеберлік сағатын өткізіп тұрады. Сондай-ақ орталыққа келетін волонтерлерге қойылатын қатаң талап бар, ол адамгершілік пен жауапкершілік, – дейді спикер. 

«Жекеменшік қарттар үйіне бізді кіргізбейді. Бұл мәселені министрлікте де көтердік. Кейбір жекеменшік қарттар үйіндегі жағдай талапқа сай келмейді, ал кейбірі керісінше кез келген санаторийден асып түседі. Менің ойымша қарттарға әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына ортақ стандарт ойлап табу керек. Мысалы, балабақша ашу үшін белгілі бір талаптар бар. Қарттар үйіне де сондай талап қажет», – деп толықтырды ол. 

Бұған қоса, волонтер балалар үйі мен қарттар үйін біріктіру қажет деген пікірде. Біраз уақыттан бері айтып келе жатқан бұл ұсыныс әзірше қолдау таппады. 

Біз балалар үйлері мен қарттар үйін біріктіру туралы ұсыныс жасаған едік. Әзірге қолдау таппады. Бірінің ата-анасы, екіншісінің баласы жоқ. Егер біріктірсе балалардың үлкендердің мейіріміне қанып өсуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Сондай-ақ қарияларға демеу болар еді, – деп қорытындылады ол. 

Қазір елімізде қарттармен жұмыс істегісі келетін волонтерлерге жол көрсететін арнайы мобильді қосымша әзірленді. Кез келген қазақстандық қосымшаға тіркеліп, волонтерлік пен қарттар үйлері туралы ақпарат ала алады.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама