×

«Моральдық өтемақы төлету керек»: Депутат ЖЭО-ларды мемлекетке қайтару шартын атады

2015 жылдан бері магистралды құбырларға 184 млрд теңге бөлінген

 Ербол Тұрымбет 01.12.2022 | 14:52
Коллаж: Halyq Uni

Апта басында, 28 қараша күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Әлихан Смайловқа проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жұмыс істеп тұрған бүкіл ЖЭО-ның уақыты орташа көрсеткіш 61 жыл болған. Ең ескілері 30-жылдарға дейін барады. Орташа тозу көрсеткіші 66%. Ал жылу желілерінің тозуы көрсеткіші 73%, ал мамандардың айтуынша, өңірдегі желілердің 80%-ы тозған. Естеріңізге сала кетейік, бұл туралы алдыңғы материалда да жазған едік. 

27 қарашада түнде қазандықтары істен шыққан Екібастұздағы ЖЭО да 1956 жылы салынған. Ал одан шығатын жылу желілерінің 91%-ы тозып кеткен. Осындай жағдайға жеткен кәсіпорынды «Павлодарэнерго» АҚ 2022 жылдың тамыз айында мемлекетке тегін бере салуға дайын екенін мәлімдеді. Екібастұздағы төтенше жағдайдан кейін де осы мәселе тағы сөз болып жатыр. 

ЖЭО-ЛАРДЫ «ОТБАСЫНА» ЖАҚЫН АДАМДАРҒА ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІП БЕРГЕН

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, қазір Қазақстанда осы жылу энергетикасы саласында үлкен проблема тұр. Ол магистралды құбырлардың жөнделмеуі. Табиғи монополия болса да осындай ірі кәсіпорындарды кезінде «отбасына» жақын адамдарға жекешелендіріп беріп жіберген. 

Ол олигархтың бәрі 30 жылдың ішінде сол жердің бүкіл ресурсын сүліктей сорып алды. Халық тарифті уақытылы төлеп отырды. Енді соны Үкіметке 1 теңгеге сатамыз дейді. Әбден тозығын жеткізіп беріп отыр. Сондықтан, олар кәсіпорынды алған кездегіден бастап бүгінгі жағдайдағы тозу дәрежесінде қаншалық айырмашылық болса, соның айырмасын мемлекетке қайтарып беру керек, дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, мемлекет 2015 жылдан бастап осы магистралды құбырлар үшін 184 млрд теңге бөлген. Ендеше сол ақшаның қайда және қалай жұмсалғанын тексеру керек. 

Одан соң, қазір Екібастұзда халық құр тоңған жоқ, қатып қалған. Сол үшін оларға белгілі бір деңгейде моральдық өтемақы төлету керек. Соның бәрін төлегеннен кейін ғана олардың заң алдындағы жауапкершілігін қарау керек деген пікірде. Осылар шешілгеннен кейін ғана мемлекетке қайтару мәселесіне келуге болатынын айтады. 

«ЕКІБАСТҰЗТЕПЛОЭНЕРГО» АҚ-ДА ЖҰМЫСШЫ ЖЕТІСПЕЙДІ

Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбастың айтуынша, негізі энергетика саласы бизнеске жарамайды. Ол тек экономикаға, халыққа электр энергиясы мен жылу энергиясын беру үшін құрылған сала. 

Бұл саладағы мекемелердің бәрі монополист ретінде тарифпен реттеледі. Ал тарифпен реттелген жерде бизнес болмайды. Сондықтан электр мен жылу энергиясын шығаратын мекемелер бизнеске жарамайды. Сондықтан оларды бизнесмендерге басқаруға берген о бастан дұрыс болмады, дейді ол.

Оның сөзінше, ақшаға құныққан бизнесмендер болған жерде энергетика саласы құлдырайды. Петропавлда, Риддерде, қазір Екібастұзда болып жатқан жағдайлар сондай бизнесмендердің салақтығының кесірі.

Ал олардан энергетика активтерін қайтаруға келгенде жақсылап аудит жасау керектігін айтады. Яғни, сол кәсіпорынды алғалы бері қанша пайда түскенін, оны қайда жібергенін тексеріп, сол пайдасымен бірге қайтарып алу керек. Әйтпесе ол мемлекет үшін ысырап.

Сонымен қатар, энергетика саласында тозығы жетіп тұрған кәсіпорындардан бөлек, сала жұмысшыларының жалақысы да салыстырмалы түрде төмен, қауіпсіздігі де нашар екенін айтады. Себебі, жалақы тарифке тәуелді. 

Мысалы, елімізде ЖЭО мен ГРЭС-терді қоса алғанда 43 станция бар десек, солардың тарифін Бәсекелестікті қорғау комитеті қояды. Солар жылдан жылға тарифті өте төмен ұстап, соның ішінде жалақыны төмен ұстап, бүгінгі жағдайда энергетика саласында істеп жатқан жұмысшылардың жалақысы республикалық орташа жалақы деңгейінен 13,8% кеміп қалды. Бұл Ұлттық статистика бюросының 2022 жылдың үшінші тоқсанындағы мәліметі, дейді маман.

Оның айтуынша, «Екібастұзтеплоэнерго» АҚ жұмысшыларының саны тиісті мөлшерден 27% аз. Себебі жалақының төмендігінен жұмысшылар ол жақтан кетіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама