×

Миттал, Клебанов, Машкевич: Қазақстандағы ЖЭО-лар кімге тиесілі?

Семейдегі жылу-электр орталығы 1934 жылы салынған

 Айнұр Шошаева 29.11.2022 | 09:50
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанды жылумен қамтамасыз етіп отырған 22 жылу электр орталығы жекеменшік иелікке өткен. Олардың қожайындарының арасында отандық Forbes тізіміндегі олигархтар бар, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Энергетика министрлігі елдегі 37 ЖЭО-ның тізімін жариялады. Оның 10-ы мемлекеттік, бесеуі квазимемлекеттік және қалған 22-сі жекеменшік. Осыған орай, министрлік жариялаған тізімдегі ЖЭО-дың іске қосылған уақыты мен олардың қожайындары туралы ақпартты шолып шықтық. 

Қазақстандағы ЖЭО-ның барлығы дерлік кеңес дәуірінде салынған. Оларды көбі қазақ жерінде айдауда болған (ГУЛАГ) саяси тұтқындардың қолымен салынды. Тіпті, кейбірі соғысқа дейінгі кезеңде іске қосылған екен. Енді рет-ретімен тоқталып өтсек. 

Мемлекетке тиесілі жылу-электр орталықтарының ең көнесі – Семей қаласындағы «Теплокуммунэнерго» МКК 1934 жылы іске қосылды.

Қостанай ЖЭО МКК Қостанай жылу энергетикалық компаниясына қарайды. Аталған нысан 1941-1945 жылдары аралығында, яғни соғыс кезінде салынған.

Түркістан облысындағы 5-ЖЭО «Кентау сервис» МКК тиесілі. Бұл нысан 1952 жылы іске қосылған, бүгінде ондағы жабдық 100% тозған. Оны биыл министр Ақшолақов сәуір айында өңірге барған кезде өз көзімен көріп қайтқан болатын.

1953 жылы Жайық ЖЭО құрылысы басталды. ол қазір «Жайық жылу энерго» АҚ бағынышты.

1964 жылы Шахтинск ЖЭО іске қосылды, ол қазір «Шахтинскжылуэнерго» ЖШС құрамында.

Интернеттен Арқалық жылу энергетикалық компаниясы мен «Таразэнергоорталық» АҰ қарасты 4-ЖЭО туралы ақпаратты таппадық.

Елдегі тағы екі ЖЭО «Астана-Энергия» АҚ қарасты. 1-ЖЭО-ның құрылысы сонау 1961 жылы басталған. Араға 10 жыл салып 2-ЖЭО салу туралы шешім қабылданды. Яғни, қазіргі таңда елорданы жылумен қамтамасыз етіп отырған бұл орталықтардың жұмыс істеп жатқанына 40 жылдан асты.

Сондай-ақ Қызылорда қаласын «Қызылордажылуэлектрорталығы» ММК жылытып отыр. Бұл кәсіпорын 1964 жылы пайдалануға берілді. 

Квазимемлекеттік орталықтың үшеуі Алматыда, екеуі Маңғыстау облысында. Атап айтқанда, 1-ЖЭО, 2-ЖЭО және 3-ЖЭО «Алматы электр желілері» АҚ қарайды.

Ал Ақтаудағы 1 және 2-ЖЭО-тары «МАЕК-Қазатомпорм» ЖШС иелігінде. 

Соңғы жылдары жиі апат болып, халықты жылу мен жарықсыз қалдырып отырған ЖЭО-лардың дені жекеменшік нысандар. Қазақстанның ЖЭО-ларына иелік етіп отырған кәсіпкерлердің арасында Forbs тізімінен түспейтін олигархтар бар. Мәселен, Балқаш қаласының ЖЭО «Kazakhmys Energy» ЖШС иелік етеді. Айта кетейік, бұл нысан соғысқа дейінгі кезеңде, 1937 жылы іске қосылды. 1995 жылы бұл нысан үкімет қаулысымен «Samsung» компаниясына берілді. Қазіргі күні «Қазақмыс» корпорациясының активтерін біріктіретін «Kazakhmys Energy» ЖШС-нің құрамында. Сондай- бұл компания Жезқазған қаласының ЖЭО да иелік етеді. Ал «Қазақмыс» корпорациясы Forbs тізімінде бірінші тұрған Владимир Кимге тиесілі. 

Тағы бір олигарх Владимир Макеевичтің ERG компаниясына қарайтын бірнеше жылу электр орталығы бар. Мысалы, Павлодардағы 1-ЖЭО, Шымкенттің ЖЭО мен Рудныйдың ЖЭО аталған компанияның құрамында. Айта кетейік, соңғысының пайдалану мерзімі Машкеевичтің жасымен шамалас, 1953 жылы пайдалануға берілген.  

Күні кеше апат болған Екібастұз бен Петропавл қаласының ЖЭО-ры тағы бір форбсмен Александр Клебановқа тиесілі. Ресми билік Екібастұздағы апаттың себебі ретінде жылу желілерінің тозуын атап өтті. Тозатындай-ақ жөні бар, себебі бұл нысан 1956 жылы пайдалануға берілген. Еске сала кетейік, Клебановқа тиесілі Петропал ЖЭО биыл наурызда апат болып, бір адам қаза тапқан болатын. 

Қазақстанның көмір шахталарына иелік етіп отырған Лакшми Митталдың да жылу орталықтарына қатысы бар. Нақты айтсақ, Қарағанды облысындағы екі ЖЭО «АрселорМиталл Теміртау» АҚ қарайды. Оның бірі 1959 жылы, екіншісі 1953 жылы салынған. Айта кетейік, 2-ЖЭО 1996 жылы «Испат-Кармет» компаниясына (қазіргі «АрселорМиттал Теміртау») 42,53 млн АҚШ долларына сатылған екен. 

Тізімде бұдан бөлек «Текелі энеркокешен» ЖШС, «Қарағанды энергоорталық» ЖШС, «Павлодар энерго» ЖШС, «Сорғы ЖЭО» ЖШС, «Атырау ЖЭО» АҚ, «Степногорск ЖЭО» ЖШС, «Павлодарэнерго» ЖШС, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ пен «Bassel Group LLS» ЖШС-ға қарасты жылу электр орталықтары бар. 

Еске салсақ, Екібастұздағы апаттан соң елімізде проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтарылатыны белгілі болды. Тиісті тапсырманы үкіметке Президент Тоқаев берді. 
«Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама