×

СҚО-да жидек теруге барған әйелдің өлімі: марқұмның ұлы президенттен көмек сұрады

Алтынай Мұздақбаеваның өліміне қатысты сот процесі басталды

 Самат Жақып 22.11.2022 | 11:49
Коллаж: Халық үні

Солтүстік Қазақстан облысында орманға жидек теруге барып, аңшылардың қолынан қаза тапқан Алтынай Мұздақбаеваның өліміне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бұл оқиға Жамбыл ауданына қарасты Бауман станциясы маңында 2022 жылдың 11 шілдесінде болған.

Қылмысқа қатысты басты күдікті ретінде осы елдімекеннің тұрғыны, зейнеткер Сергей Лосеня ұсталды. Бірақ марқұмның туған-туыстары оған сенбейді. Олардың сөзінше, бұған ауылдың бұрынғы учаскелік инспекторы Қабай Әлтеевтің де тікелей қатысы бар. Ол бұл оқиғадан кейін қызметінен босатылып, қамауға алынған.

Тергеудің әділ жүргізілгеніне күмәнданған марқұмның ұлы Алтынбек Сайлауов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.

СОТ ПРОЦЕСІ БАСТАЛДЫ

Оқиғаға байланысты тергеу 4 айға созылды. 51 жастағы Алтынай Мұздақбаева орманға жидек теруге барған. Сол кезде күдіктілер оны аңмен шатастырып, оқ жаудырған. Жәбірленуші аудандық ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Оң жақ иығына тиген оқтан көп қан жоғалтқан. Басты күдікті – Бауман станциясының тұрғыны Сергей Лосеня. Ол кінәсін мойындап отыр.

«Бұрынғы учаскелік инспектор Қабай Әлтеев өзінің қызметтік борышын дер кезінде орындамаған. Ол қылмыстық іске күдікті ретінде Лосеняны қамауға алып, тез шара қолдануы керек болатын. Оның дер кезінде әрекет етпеуінің салдарынан қылмыс айғағы жоғалды. Сондай-ақ ол бірден жедел жәрдем шақыруы керек еді. Мұның арты адам өліміне алып келді. Сондықтан екеуіне де 7 жыл бас бостандығын айыру жазасын сұраймыз», - деді мемлекеттік айыптаушы Талғат Төлегенов. 

«ҚЫЛМЫСҚА УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРДЫҢ ҚАТЫСЫ БАР»

Алғашқы сот отырысы Мамлют ауданында өтті. Сот барысында төрт куәгерден жауап алынды. Олар егістік алқабында қансырап жатқан Алтынай Мұздақбаеваның жанынан учаскелік полиция инспекторын көргенін айтты. Бірақ тәртіп сақшысы жедел жердем шақырмаған, еш шара қолданбаған.

«Қабай Әлтеев оқиға орнында болды. Ал марқұм айдалада қансырап жатты. Сол қолымен оң жақ иығын ұстап алған. Киімдерінің бәрі қан-жоса болған.  Бет-әлпеті қиналғаннан бозарып кеткен. Учаскелік инспектор маған оны ауруханаға жеткіз деді. Мен бас тарттым. Өйткені Алтынайды іздеуге шыққанда оны біреу атып кеткенін естідім. Өзіме айып тағыла ма деген қорқыныш болды. Қолыма екі ұялы телефон ұсынды. Алмадым. Бұйрығын орындамаған соң «жөніңмен кете бер, өзіміз ауруханаға апарамыз» деді. Полицейден ішімдіктің иісі мүңкіп тұрды», - дейді Бауман станциясының тұрғыны, куәгер Әсет Байжиенов.

«БАРЛЫҒЫ ЖАЗАСЫН АЛУЫ КЕРЕК»

Марқұм Алтынай Мұздақбаеваның ұлы Алтынбек Сайлауов соттан әділ шешім шығаруын сұрайды. Айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына көңілі толмайды.

«Екеуі де мас болды. Оны ауыл азаматтары көрген. Алайда медициналық сараптама олардың қанының құрамында ішімдік болмағанын анықтады. Ол өз қызметін асыра пайдаланып, нәтижесін өзгертті деп ойлаймын. Лосеня «абайсызды адам өлтіру» дерегі бойынша жауапқа тартылып отыр. Айыптау актісінде Қабай Әлтеев жүргізіп келе жатқан көліктен Серей Лосеня менің анам Алтынай Мұздақбаеваға оқ атқан деп жазылған. Олар бұған дейін тергеуге кедергі келтіріп, бәрін адастырып келді. Болған жағдайды басқаша жеткізген. Ауылдан бір қару табылды. Алайда ол қарудан менің анама оқ атылмаған. Қылмыс айғағы әлі күнге дейін жоқ», - дейді марқұмның ұлы Алтынбек Сайлауов.

Ол сондай-ақ екі азаматты да 15 жылға бас бостандығынан айыру қажет деп санайтынын жеткізді.

«Сергейдің азаматтық некедегі әйелі де Әлтеевтің бес күн бойы хабарласқанын айтты. Ол өзінде мылтық барын айтып, Сергейді аңшылыққа шақырған. Бұрынғы учаскелік полиция қызметкері Әлтеев пен Лосеняға жеті жыл беру өте аз. Қылмыстық топ ретінде кемінде 15 жылдан бас бостандығынан айыруы керек деп ойлаймын. Сергей тергеуді шатастырмай, бар шындықты айтуы керек еді. Қаруды да тыққан сол деп ойлаймын. Ол учаскелік инспекторды қорғап тұр. Әділетті жаза тағайындалғанын талап етемін», - дейді марқұмның ұлы.

Алтынбек Сайлауов жақында өңірге жұмыс сапарымен барған Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа мән-жайды толық айтып берді. Министр жәбірленушілердің дәлелдерін тыңдау үшін жергілікті полицияға олармен тағы бір рет кездесуді тапсырды. Ал халық алдында есеп берген Марат Ахметжанов кейін Алтынбек Сайлауовты жеке қабылдады.

ТОҚАЕВТАН КӨМЕК СҰРАДЫ

Әділдік іздеген тұрғын президенттен көмек сұрайды.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен сізден анамның өліміне қатысты істің әділ тергелуін сұраймын. Бұл қайғылы оқиға 11 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысында болды. Менің анам ауыл маңында жидек теріп жүрген. Сол кезде ішімдік ішкен күдіктілер анамды аңмен шатастырып, оған оқ атқан. Артынша күдіктілер оқиға орнынан ізін суытқан. Ал жарақат алған Алтынай Мұздақбаева телефон арқылы құрбысы Ырысты Қанафинаға қоңырау шалып, барлық мән-жайды айтып үлгерген. Яғни, сол кезде оған ақ түсті көліктен біреу оқ жаудырғанын айтқан. Қазір бұл іске қатысты сот отырысы басталды. Бірақ екеуіне тиісті айып тағылмай отыр. Мен тергеумен мүлде келіспеймін. Сондықтан әділдік іздеп, өзіңізден көмек сұрауға мәжбүрмін», - делінген видео хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама