×

СҚО-да жидек теруге барған әйел оққа ұшты: «Анамды аңшы атып өлтірді дегенге сенбеймін»

Адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды

 Самат Жақып 13.07.2022 | 19:19
коллаж: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында жидек теруге шыққан 51 жастағы әйелге оқ тиіп, қаза тапты. Қайлығы оқиға Жамбыл ауданына қарасты Бауман станциясында болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қайғылы жағдай 11 шілде күні кешкі сағат 19:00 кезінде болған. Яғни орманға жидек теруге барған азаматшаның кеуде тұсына оқ тиеді. Болжам бойынша, 65 жастағы күдікті Алтынай Мұздақбаеваны аңмен шатастырып алған.

«Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Бауман ауылында тұратын нағашы апам, яғни кенже нағашымның жары-Алтынай Мұздақбаева кісі қолынан қаза тапты. Бейбіт заманда суық қарудан тиген оқ нағашы апамды мәңгілік сапарға алып кеткені қабырғамызды қайыстырып, жүрекке жазылмастай жара салды. Жидек теруге кетіп, аман-есен оралмаған Алтынай Мұздақбаева 51 жасында өсіп келе жатқан немерелерінің қызық-қуанышын көре алмай кетті-ау. Алла Тағаланың сынағына көнбеске амал бар ма?! Әділетті Қазақстан үшін референдумда дауыс бердік. Ата Заң біздің құқығымызды қорғайды, әділдік ақиқатты қолдайды деп сенеміз. Жазықты адам жауапкершілікке тартылып, өз жазасын өтейді деп үміттенеміз», - деп жазды марқұмның туысы Игілік Рахметов.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Алтынай Мұздақбаеваны атқан аңшының қасында тағы екі адам болған. Оның бірі - учаскелік полиция инспекторы. Ал марқұмның баласы Алтынбек  Сайлауов болса, оның анасының өліміне аңшы кінәлі дегенге сенбейді. Сондықтан, құзырлы органдардан тергеудің әділ әрі заңды өтуін талап етіп отыр.

«Сезіктілер анамды атып, қашып кеткен. Мен өзім оқиға орнына бардым. Ол адамды көрмей қалатындай жер емес. Оқ тиген анам шошып, орнынан тұрған кезде пысықайлар ізін суытқан. Егер сол кезде бірден медициналық көмек көрсетілсе, шешем тірі қалар ма еді деп ойлаймын. Жалпы, олар үш адам болған деседі. Оны ауыл азаматтары көрген екен. Яғни, алғашқысы осы аңшы, енді бірі учаскелік полиция инспекторы, ал үшіншісі Қайранкөл деген көрші ауылдың тұрғыны. Олар үнемі бірге аңшылықта жүреді. Бұл жолы барлығы ішімдік ішкен көрінеді. Ал анамды атқан қаруды олар көлге батырып жіберген. Жауаптылар оны су қоймасынан іздестіру үшін сүңгуір мамандарды жібергенін айтты. Бірақ екінші күн қатарынан ауыл маңындағы көлде ешкім жоқ. Оқиға орнына да полиция қызметкерлері келген емес. Анам жарақаттанған кезде құрбысына телефон шалып, өзін ақ түсті көліктегі адамдар жарақаттап, қашып кеткенін айтып үлгерген. Анам айтқан Ол ВАЗ-2107 маркілі көлік аңшыға тиесілі екені белгілі болды. Жалпы анамның өліміне осы үш азаматтың да қатысы бар. Мен нақты аңшы атып өлтірді дегенге сенбеймін», - дейді марқұмның баласы Алтынбек Сайлауов. 

Марқұм Алтынай Мұздақбаева алған жарақатына қарамастан жарты шақырым жолды өз аяғымен жүріп өткен екен. Қазір аталған фактіге қатысты іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.

«Ағымдағы жылдың 11 шілдесінде аудандық полиция бөліміне Мұздақбаева Алтынай Садыққызы деген азаматша жарақаттанды деген қоңырау түскен. Оны сезікті жеке көлікпен аудандық ауруханаға алып келген. Бірақ орта жолда әйел қайтыс болғаны белгілі болды. Бұл факті сотқа дейінгі тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне енгізілді. Бұл қылмысты жасаған адам анықталды. Ол қылмыстық-процесстік кодекстің 28-бабының тәртібі бойынша Жамбыл аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Кінәсін толығымен мойындап отыр. Дегенмен тергеу амалдары жалғасатын болады. Қазір марқұмның жолдасы жәбірленуші болып танылды. Егерде туған-туыстарының ортасынан, баласы не болмаса тағы да басқа біреулер   жәбірленушінің өкілі боламын десе, оған шектеу жоқ. Олар тергеудің қаншалықты заңды жүргізілетінін біле алады. Мен тергеушіге осы іс бойынша осындай нұсқау бердім. Істің бізге келгеніне бір ғана күн болды. Айбасызда болған жағдай ма, жоқ қасақана ма? Оның барлығы енді  тексеріледі. Арнайы сараптама тағайындалады», - дейді Жамбыл ауданының прокуроры Талғат Төлегенов.

Ал марқұмды бүгін туған-туыстары жер қойнына тапсырды. Артында жолдасы, екі баласы және немерелері қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама