Әлібек Қалбайдың өлімі: сот қылмыстық істі прокуратураға қайтарды
Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде әскери бөлімде қайтыс болды
2022 жылдың сәуірінде әскерге кетіп, он күннен кейін қайтыс болған сарбаз Әлібек Қалбайға қатысты істі сот прокуратураға қайтарды. Бұл туралы марқұм сарбаздың туысы Динара Тілесова мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Алматы гарнизоны әскери сотының қарауындағы қылмыстық кодекстің 440-бабы 4-бөлігі («әскери қызметшілер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық қағидаларын бұзу») бойынша қаралып жатқан іс Жамбыл облысы әскери прокуратурасына қайтарылды. Алайда прокуратура сот шешіміне келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Осыған қатысты адвокат Саламат Құлмағанбетов президентке үндеу жолдаған.
Әлібек Қалбайдың өліміне байланысты жәбірленуші тараптың адвокаты пікір білдірді.
«Осы оқиға бойынша әскери бөлімінің сарбазы Аманжоловқа қатысты қылмыстық кодекстің 440-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол қазір күдікті ретінде қамауда отыр. Гвардейский қалашығындағы сотқа дейінгі әскери тергеу бөлімі басшысы Джавгашев пен Жанаевтың басшылығымен тергеу тобы құрылып, қылмыстық іс екі айдан астам уақыт өткеннен соң Алматы қаласы бойынша әскери сотының өндірісіне түсті. Әскери прокуратура тарапынан күдікті Аманжоловқа сот тергеуі басталды», - дейді адвокат Саламат Құлмағанбетов.
Сот тергеуі кезінде 174 күн ішінде 46 рет жауап алынған. Оның ішінде сол әскери бөлімнің командирлері, сержанттар мен дәрігер, мейірбике, сарбаздардан жауап алынған. Оқиғаға жалғыз куә Курочкиннің күдікті Аманжолов марқұм Қалбайды ұрды деп көрсеткен жауабының негізсіз екенін көрсетті.
«Қылмыстық іс үстіртін жүргізілген. Бұл прокуратура тарапынан әскери бөлім командирлері, сержанттарының әрекетін жасыру мақсатында жасалған болуы мүмкін. Іс объективті түрде қарастырылмады. Жауап алу хаттамаларында кеткен кемшілік көп. Қылмыстық іс бойынша марқұм сарбаз Әлібек Қалбайды ұрып-соққан оқиға орнында тек «ситуационный» қарау жасалған», - дейді адвокат
Сот отырысына шақыртылған әскери шенділер мен жас сарбаздар және куәгер В.Курочкин жауаптарында бірнеше қарама-қайшылық бар. Қайғылы оқиға болған кезде 30212 әскери бөліміндегі 220 бейнебақылау камераның ешқайсысы да істемегені күмәнді арттырып отыр.
«Сот тергеуінде жауап алынған Маңғыстау облысы бойынша сараптама институтының эксгумация жасаған комиссия сарапшылары А.Ахметов пен А.Әміршин, гистолог А.Бердібекова өздері тарапынан жасаған сараптама қорытындыларын растады. Алайда мәйітке алғашқы болып сараптама жасаған Жамбыл облысы бойынша сараптама институтының сарапшысы А.Ким өзі берген қорытындыға толық жауап бере алмай, сараптама қорытындысын жартылай растады», - дейді адвокат.
Сот кезінде жауап берген сержанттық құрам өздерінің ештеңеден хабарсыз екенін айтқан. Тіпті оқиға болған күні жұмыс орындарында болғандарын дәлелдеуге тырысқан.
«22 сәуірде әскери бөлімде таңертең сапта тұрған кезінде құлаған марқұм Әлібек Қалбайдың денесінен 18 түрлі жарақат болғанын сарапшылар жоққа шығармады. Сонда марқұмды тек күдікті А.Аманжоловтың жалғыз ұрғаны қаншалықты сенімді болуы мүмкін?», - дейді адвокат.
Маңғыстаулық сарбаздың өліміне қатысты жәбірленуші тарап 30212 әскери бөлімі басшылығына, тергеу басшысы М.Джавгашев атына өтініш жолдағанымен, оған ешкім назар аудармаған. Содан кейін адвокат президентке хат жолдап, істің жан-жақты қаралып, әскери шенділердің жауапқа тартылуын сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін айыпталушы тараптын адвокаты Сержан Пралиев соттың күдіктіні ақтауға қорыққанын мәлімдеді.
ӘЛІБЕК ҚАЛБАЙДЫҢ ӨЛІМІ
Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
Бұл оқиғаға байланысты Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік Борамбаев марқұмның денесінде жарақат ізі жоқ екенін мәлімдеді.
«Оқиға орнын қарау барысында құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы бойынша, сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізген кезде қаза болғанға дейін жарақаттар мен көгерулер анықталмағанын айта кеткен жөн», – деді ол.
Оның айтуынша, егер қандай да бір заңға қайшы әрекеттер расталса, онда кінәлі адамдар ғана емес, сонымен қатар осы жағдайға жол берген командирлер де жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталды.
Оның өліміне қатысты күдікті деп танылған 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалған.
Екі сарбаз да әскерге 13 сәуірде шақырылған және олар әскери ант қабылдап та үлгермеген. Әскери бөлімге 18 сәуір күні жеткен.
Мәдина Керімқұл, Маңғыстау облысы