×

Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбденді сайлауға түсуден бас тартуға шақырды

Тұрсынбекова әйелдердің құқығын қорғаумен көп жылдан бері айналысып келе жатқанын алға тартты

 Халық үні 14.11.2022 | 14:33
Коллаж: Халық үні

Қазақстан президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбденді сайлау науқанынан бас тартып, өз штабына қосылуға шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Қарақат Әбденнің бағдарламасын талдап, кездесулерін сараптай келе, кей тұстарда ойымыз тоғысатынын түсіндім. Екеуміз де әйелдің қоғамдағы орнын, оның маңыздылығын айтып жүрміз. Бірақ Қарақат Жақсылыққызының саяси тәжірибесі аз, сайлаушылармен кездесулерде оның бағдарламасының жөн-жосығын түсіндіріп, мәдени-бұқаралық іс-шаралары үшін түсініктеме беруіме тура келеді», - деп жазды Тұрсынбекова.

Сол себепті Тұрсынбекова Қарақат Әбденді өз командасына қосылуға шақырды.

Қарақатты өз командама шақырамын. Әйелдердің дауысы басым әрі анық шығуы үшін біз бірігуіміз керек. Сайлаушылардың дауысын екіге бөлмей-ақ қояйық. Қарақат Жақсылыққызы, сайлау науқанынан бас тартып, менің командама, штабыма қосылыңыз. Әйелдер мен отбасының мүддесін алға жылжытуға бірге күш салайық!, - деді Салтанат Тұрсынбекова.

Ол сондай-ақ Қарақат Әбденнің сайлауалды бастамаларының көбі өзінің бағдарламасында бар екенін алға тартты.

«Менің қарсыласым ұсынатын бастамалардың көбі менің сайлауалды бағдарламамның «Халықты әлеуметтік қорғау» блогында қамтылған. Дегенмен, мен сот-құқықтық реформаны, мемлекеттік институттарды демократияландыруды, азаматтық қоғамды дамыту үшін елеулі өзгерістерді де ұсынамын», - деді Салтанат Тұрсынбекова.

Тұрсынбекова өзінің құқық қорғаушы екенін, көп жылдан бері әйелдердің құқығын қорғаумен айналысып келе жатқанын айтты.

Қазақ әйеліне, қазақ отбасына не керек екенін бес саусағымдай білемін. Қарақат Жақсылыққызы, менің командама қосылыңыз, бірге жұмыс істеп, ұсыныстарыңызды сайлаушыларға жан-жақты жеткізуге уәде беремін, - деді ол.

САЙЛАУ – 2022

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне 6 кандидатты тіркеді. Оның ішінде 2 әйел және 4 ер адам бар. Ішінде 1 мемлекеттік қызметкер, 1 коммерциялық құрылымның өкілі, 4 үкіметтік емес сектордың өкілі, оның ішінде 1 саяси партияның өкілі бар.

Осылайша 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан президентін кезектес тыс сайлауына Халық коалициясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан Жигули Дайрабаев, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Салтанат Тұрсынбекова, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Мейрам Қажыкен қатысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама