×

«Бәрінің артында кім тұрғанын әлі күнге дейін білмеймін»: Серік Ахметовтің 7 жылдан кейінгі алғашқы сұқбаты

Бұрынғы премьер-министрдің жаза мерзімі 2021 жылдың қыркүйегінде аяқталды

 Халық үні 09.11.2022 | 12:53

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов өзінің сотталғаны, Қаңтар оқиғасы және Үкімет жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, Серік Ахметов 2015 жылдың желтоқсанында он жылға сотталды.

Бұрынғы премьер-министр Денис Кривошеевке берген сұқбатында өзін кінәлі деп санамайтынын айтты.

«Өзімді кінәлімін деп санамаймын және сот үкім шығарғанға дейін кінәлімін деп санаған емеспін. Соңына дейін мен және менің адвокаттарым әділдік орнайтынына сендік. Бірақ сот өкінішке қарай кінәлі деп таныды, маған тиісті жаза берілді. Осы жағдайды талдағаннан кейін іс бойынша маған және менімен бірге сотталғандарға қатысты барлық бап пен эпизодтар ойдан шығарылған деп есептеймін», - деді Серік Ахметов.

Серік Ахметов өзімен бірге айыпталушылардың қатарында 22 адамның болғанын түсінбегенін жеткізді.

Менімен бірге, яғни бұрынғы премьер-министрдің жанында айыпталушылардың қатарында облыс және қала әкімі, мемлекеттік органдардың басшылары да болды. Олардың арасында мемлекетке адал қызмет еткен азаматтар бар, - дейді Ахметов.

Сондай-ақ бұрынғы премьер-министр Үкіметте жұмыс істеген кезде интригамен айналыспағанын айтты.

«2012-2014 жылдары премьер-министр болдым. Содан кейін қорғаныс министрі қызметіне ауыстым. Көптеген мәселені шешетін қорғаныс және көлік министрлігін басқардым. Тағдырға премьер-министр болу бақыты бұйырғанына да разымын. Мен бұл жұмысқа жанымды салдым. Адал және ашық түрде қызмет етуге тырыстым», - деді Серік Ахметов.

«УАҚЫТ БӘРІН ОРНЫНА ҚОЯДЫ»

Бұрынғы премьер-министр қазір өзінің еркін адам екенін, ешкімге өкпе-реніші жоқ екенін айтты.

«Мен қазір еркін адаммын. Өзімді қамтамасыз етемін. Екі жеке компанияда жұмыс істеймін. Балаларым, немерелерім бар. Отбасыма, хоббиіме, спортқа көбірек көңіл бөлемін. Ешкімге кінә тақпаймын. Бір күні шындық пен әділдік орнайды. Жалпы алғанда барлығының артында кім тұрғанын әлі күнге дейін білмеймін. Неге маған осылай жасағанын түсінбеймін», - дейді ол.

Серік Ахметов уақыт бәрін орнына қоятынына сенімді.

«2014 жылы елімізде бір кездері Қаңтар оқиғасы өтеді деп ешкім ойламады. Мұны ұйымдастырғандар – өзінің жеке мүддесін мемлекет мүддесінен де жоғары қойғандар. (...) Қасым-Жомарт Тоқаев көшбасшылық қабілетін көрсетті. Ол нағыз мемлекет басшысы ретінде жауапкершілікті өзіне алды, сондай-ақ мемлекетке қастандық жасауға жол бермейтінін айтты. Осылайша мемлекетте тәртіпсіздікке жол бермейтін мықты билік бар екенін көрсетті. Қаңтар оқиғасы жоқ жерден шыққан жоқ», - деді Серік Ахметов.

Сондай-ақ ол өзіне дейін және өзінен кейін премьер-министр болған Кәрім Мәсімовтің Қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға қатысын сот айқындайтынын айтып өтті.

ҮКІМЕТ НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?

Серік Ахметов елдегі экономикалық жағдайға байланысты Қазақстанның қазіргі үкіметі не істеуі қажет екеніне қатысты ойын айтты.

«Қазір Үкімет экономикада либералды саясатты ұстанып отыр. Яғни, мемлекет эконмика бағыттарының дамуына араласпайды. Менің ойымша, үкімет отандық кәсіпкерлерді қолдауы қажет. Экспортқа шығаруға болатын өнімге басымдық беруге тиіс. Егер біз бұған көңіл бөлмейтін болсақ, ауыл шаруашылығы, өңдеу саласы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп дамымайды. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы Қазақстанды ғана емес, басқа да елдерді азық-түлікпен қамтуға қауқарлы. Мысал ретінде Қазақстан 70 мың миллион долларға ет экспорттайды. Ал 300 миллион долларға ет сатып алады», - дейді Серік Ахметов.

Оның айтуынша, кейінгі бес жылда ет өнімдерін сатып алу 4,5 есеге өскен.

Тауық етіне келсек, 2015-2016 жылдары Үкіметке бұл өнімді сырттан сатып алмау туралы тапсырма берілді. Оңтүстікте, Ақмола облысында тауық фабрикасы ашылды. Бұл жобаға субсидиялау арқылы қыруар қаржы бөлінгені есімде. Ал 2021 жылы 165 мың тонна тауық еті 170 миллион долларға жеткізілген, - дейді Ахметов.

Бұрынғы премьер-министр Қазақстанның шетелге ұн шығарып, шетелден ұн өнімдерін сатып алатынына шағымданды.

Оның пікірінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне алты бағытты қамту қиынға соғады.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазірге дейін төрт рет атауын өзгертіп қана қоймай, функционалдық міндетін де өзгертті. Бұл министрлік көптеген мәселені қамтиды: индустрия, көлік, инфрақұрылым, құрылыс. Министрлікте 6 комитет бар. Министр тек Үкіметке есеп беруі керек. Себебі ол экономиканың алты бағытына жауап береді», - дейді Серік Ахметов.

Бұрынғы премьер-министр барлығын бір қолға беруден нәтиже көп болмайтынын айтты.

СЕРІК АХМЕТОВ НЕ ҮШІН СОТТАЛДЫ

Серік Ахметов 2015 жылдың желтоқсанында «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету», «кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу», «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» және «заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау» баптары бойынша он жылға бас бостандығынан айырылды.

2016 жылдың наурызында сот жазаны өтеу мерзімін сегіз жылға қысқартты, ал 2017 жылдың қаңтарында Ахметов Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жарияланған рақымшылық бойынша жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту туралы өтініш жасады.

Кейін Серік Ахметовтың жазасын өтеудің нақты мерзімі бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, колониядан босатылды.

2021 жылдың қыркүйегінде бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің жазасын өтеу мерзімі аяқталды.

2022 жылдың шілдесінде шілдеде Серік Ахметов мемлекеттік органдарға ресми хат жолдап, Жоғарғы соттан өзін толық ақтауды (барлық айып бойынша), бұл істі «қолдан ұйымдастырғандарды» жауапқа тартуды сұраған

Серіктес жаңалықтары

Сараптама