×

«Мемлекет екінші сортты спортшы деп қарайтындай»: жүлделі спортшыларға берілетін төлемақы қоғамда дау туғызды

Қоғам қайраткері Айдар Махметов спортшыларды алалауға қарсы

 Халық үні 08.11.2022 | 15:53
коллаж: azattyq-ruhy.kz

Жуырда Олимпиада ойындарының жүлдегері болған, олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионы атанған қазақстандық спортшыларға ай сайын (өмір бойы) берілетін төлем көлемі 24 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін өскені хабарланды.

Енді еңбегі сіңген спортшыларға ай сайын 76 380 теңге емес, 318 000 теңге көлемінде төлемақы беріледі.

Белгілі қазақстандық спортшы, спорт менеджері Айдар Махметов Мәдениет және спорт министрлігінің бұл шешімін жағымды жаңалыққа балағанмен, тағы ескерілмеген біраз жайтты атап өтті.

Біріншіден, мұндай төлем спорт саласында 20 жылдық өтілі бар спортшыларға ғана беріледі.

Екіншіден, олимпиадалық емес спорт түрлерінен жүлде салғандарға мұндай төлемақы берілмейді.

«Соңғысынан бастайын. Бүгінде олимпиадалық емес спорт түрлерінен чемпион атану қиындығы жағынан олимпиадалық спорт түрлерінен жеңімпаз атанудан кем түспейді. 5-6 рет әлем чемпионы болған жігіттер бар. Олар әлемдік деңгейде өнер көрсету үшін спортқа өмірін арнады. Олар да елдің атын шығарды. Онда неге оларға төлем жасалмайды? Мемлекет олардың екінші сортты спортшы екенін көрсетіп отырғандай. Бірақ олардың ең мәртебелі турнирлерде бақ сынауына мемлекет бюджетінен шығын болған жоқ. Жарысқа ақшаны өздері тапты. Олардың да алдында мақсат пен міндет болды. Бұл шешім олимпиадалық емес спорт түрлерінен жеңімпаз болғандарды ренжітті», – деп жазды спорт менеджері.

Айдар Махметов бүгінде кейбір спорт түрлерінің олимпиадалық спорт түрлеріне қарағанда әлдеқайда танымал екенін айтып, мысал ретінде Red Bull Games және ММА турнирлерін келтірді.

«Енді 20 жылдық еңбек өтіліне келетін болсақ – түсініксіз нәрсе. Егер спортшы Олимпиада жүлдегері атанып, сосын шамамен 10 жыл спорт саласында қызмет етіп, әрі қарай бизнеске бет бұрса, оған төлем жасалмай ма? Спорт саласында жұмыс істеудің басқа қызметтен артықшылығы неде? Спортшы олимпиада жүлдесіне 20 – 30 жас аралығында қол жеткізе алады. Яғни жас кезінде. Осыдан кейін спортшы кез келген салада қызмет етуіне болады. Ол қоғамға пайда әкелетін немесе пайдасыз іспен айналыса ма, онда ешкімнің шаруасы болмауы керек. Өйткені, ол Олимпиада медалін жеңіп алып, Қазақстан тарихында есімін алтын әріппен жазып қалдырды», - деп қосты Айдар Махметов.

Спорт агенті, спорт маркетологы, футбол клубында массаж жасау – спорт саласындағы қызмет пе? Айдар Махметов еңбегі сіңген спортшыларға төлем жасауда мұндай талаптардың қажеті жоқтығын айтты. Одан бөлек, спортшыларға төлемақыны 45 жасқа толғаннан бастап беруді ұсынды.

Тағы бір нюанс. Төлем олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионы атанғандарға ғана беріледі. Грек-рим күресінен 5 рет әлем чемпионатының жүлдегері атанған Алмат Кебіспаевты алайықшы. 1 мәрте күміс, 4 мәрте қол жүлде алды. Алтын жүлде алған жоқ. Сонда Алмат Кебіспаевқа төлем жасалмай ма?, – деп жазды Айдар Махметов.

Айдар Махметов төлемақыны тек олимпиадалық спорт түрлерінен жүлде алғандарға берумен шектеуді дұрыс емес деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама