×

Бас мүфти кәсіпкерлерді «қара жұма» атауын өзгертуге шақырды

Жұма - Ислам дінінде қасиетті күн саналады

 Халық үні 25.11.2021 | 15:05
коллаж: Halyq Uni

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы - Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды көпшілік орындарында жазылған «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге шақырды.

Кейінгі жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың әдісі ретінде қолданылып жүрген «қара жұма» сөзі қоғамда талқыға түсуде. Дініміз бен дәстүрімізде бар «жұма» сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Мен осы ретте еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге шақырамын, - деді ол.

Бас мүфти «жомарт жұма» халқымыздың ұғымына сай келетін сөз деп түсіндірді.

Бұл – Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша, кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің нәтижесінде «жомарт жұма» акциясы аясында қаншама жанның алғысына бөленер еді, дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма – Ислам дінінде қасиетті күн саналады. Жұма күнінің қасиеті туралы хадистерде «Күндердің ең жақсысы - жұма, өйткені осы күні Адам жаратылған, осы күні ол Жұмаққа кіргізіліп әрі осы күні Жұмақтан шығарылған» деп айтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама