×

«Зеленский президент болғаннан кейін...» - Есен Елеукен сайлауға түсуге ниетті (ВИДЕО)

Jaidarman жобасының жетекшісі депутат болғысы келетінін айтты

 Еркеғали Болатұлы 03.11.2022 | 10:03

Егер халық қолдау танытып жатса, алдағы уақытта парламенттік сайлауға түсуге болады. Jaidarman жобасының жетекшісі әрі қоғам белсендісі Есен Елеукен «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында президент сайлауы болмаса да Мәжіліс депутаты болуға ниетті екенін айтты.

Шәкірттерімнің арасында аудиториясы 1 миллионнан асатын, Jaidarman-нан шыққан 30-дан аса жігіт бар. Бірақ осы жолғы сайлау емес, мүмкін кішігірім ұйым, мәслихат немесе Мәжіліске барамын деген ой болған. Праймеризге де түсемін дедім. Бірақ оған дайындық керек. Қаржылай емес. Сайлауға түсу үшін алдын ала бір этаптардан өтуім керек, - деді Есен Елеукен.

Әзілден бөлек, Jaidarman жобасының жетекшісі қазір әлеуметтік желіде де белсенді. Түрлі саяси, қоғамдық, әлеуметтік тақырыптарда ауқымды постар жазып отырады. Сондықтан болар, оған парламенттік сайлауға түсуге ұсыныс жасалыпты.

Келер жылға Парламентке ұсыныс түсіп, неге түспеске деген әңгіме де болып жатыр. Менің ғана емес, жалпы мені қолдайтын топтың идеясы. Зеленский президент болғаннан кейін барлығы: «Неге бізден де шықпасқа?» дейді. Зеленский күні кеше пайда болған жоқ қой. Оған 15 жылдай уақыты кетті. Дайындады. Жалпы, Украинаның қоғамы бізден бөлек. Олар Еуропаға жақын, ал біз мына жақта. Екі алып көршіміз бар дегендей. Көңілге қараймыз, - дейді Jaidarman жобасының жетекшісі.

Дегенмен әзілде жүрген адамның үлкен саясатқа араласуын қош көрмейтіндер де жетіп артылады. Әсіресе, әлеуметтік желіде негатив пікір жазатындар көп.

«Осыған қатысты пікір білдіре бастасаң, әлеуметтік желіде кейбір оқырмандарымыз: «Сол клоундармен жүре берсеңші, саясат сенің не теңің?» деп жатады. Осыған қарап, кейде бір қарның ашып қалады. Себебі клоун, әртіс, спортшы болсын, олар да азамат ретінде өз ұстанымын айтуға құқылы. Мүмкін уақыты келгенде көрерміз, сайлауға түсерміз болашақта. Халық қолдап жатса, Мәжіліс депутаты болуға дайынмын», - дейді Есен Елеукен.

Сұхабаттың толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама