×

Қазақстан тумасы Сәуле Омарованың АҚШ-та жаңа лауазымға тағайындалу жоспары орындалмауы мүмкін

АҚШ-та бірқатар сенатор Сәуле Омарованың кандидатурасына қарсы

Сәуле Омарова, фото: nypost.com

Қараша айының басында Ақ үй әкімшілігі АҚШ валюта басқармасының жетекшілігіне Қазақстан тумасы Сәуле Омарованы тағайындау бойынша Сенатқа ұсыныс жолдады. Дегенмен, Омарованың АҚШ-та жоғары лауазымға тағайындалуына конгресстегі бірқатар демократ қарсылық білдіріп отыр. Daily Mail басылымы осыдан кейін Омарованың жаңа лаузымға тағайындалмай қалу қаупі барын айтты.

Басылымның хабарлауынша, сенаторлар Джон Тестер, Марк Уорнер және Кирстен Синема Сенат банк комитетінің төрағасы Шеррод Браунмен телефон арқылы сөйлескенде Омарованың кандидатурасын қолдамайтынын айтқан. Сондай-ақ қолдамайтындардың қатарына демократ сенаторлар Джон Хикенлупер мен Марк Келли де қосылған. Дерекке сүйенсек, бұл жағдайдан кейін Сәуле Омарованың жаңа лауазымға тағайындалуы өте қиын.

Ал, Ақ үй әкімшілігі Сәуле Омарованың бұл лауазымға лайықты екенін айтып, оның ұсынылған сәттен бастап республикашылар тарапынан әділетсіз қудалауға ұшырағанын жеткізді.

Еске салайық, 17 қарашада Fox News телеарнасы (АҚШ Республикалық партиясының бас медиаресурсы) Қазақстан тумасы, президент Джо Байденнің АҚШ валюта басқармасының басшысына ұсынған кандидаты Сәуле Омарованы 26 жыл бұрын ұрлық жасады деп айыптады.

Fox News телеарнасының мәліметінше, 1995 жылы Сәуле Омарова TJ Maxx дүкенінен 214 доллар тұратын төрт жұп аяқ киім, екі одеколон, екі белбеу және шұлық ұрлағаны үшін қамауға алынғаны айтылған.

Осы айыптаудан кейін Ақ үй мәлімдеме жасап, Омарованы білікті кандидат ретінде қорғап, бұл істі «түсінбеушілік және шатастыратын жағдай» деп атады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама