×

«Теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты»: Тоқаев тіл туралы мәлімдеме жасады

Қазақ тіліне алаңдауға еш негіз жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 19.10.2022 | 14:23
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына сапарында Қонаев қаласының жұртшылығымен кездесті.

Кездесуде мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің даму деңгейі, оның қолданыс аясын кеңейту мен тілдің төңірегіндегі шетін мәселелер туралы айтты.

Ол әуелі жастарымыздың қазақ тілін білу керектігін, мемлекеттік тілдің дамыту үшін еліміз қолда бар жағдайдың, мүмкіндіктің бәрін жасап келе жатқанын атап өтті.

«Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек.

Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Солай болады да деп атап айтқым келеді. Жалпы, біз тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ. Қаншама ақпарат құралдары хабар таратады. Газет-журналдар, кітаптар шығып жатыр.

Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ», –  деді ол.

Сонымен бірге ол қазақ тілін саяси ойынға айналдырмау керектігін, саяси ойынға айналған тіл кейбір елдерді қасіретке ұшыратқанын жеткізді.

«Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.

Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз», –  деді ол сөзінің соңында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама