×

Тоқаев көрші елдердің арандатушылық сипаттағы сөздерін айыптады

Мұндай жағдай ашу-ыза туғызатыны заңдылық, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 14.10.2022 | 16:54
фото: Ақорда

Астанада «Орталық Азия – Ресей» саммиті басталды.

Саммитті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кіріспе сөзбен ашып, сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде  Орталық Азия мемлекеттері мен Ресейдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың даму деңгейі, шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алудың маңыздылығын айта келіп, қазіргі геосаяси жағдайдың қиындап бара жатқан кезде мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігі күн тәртібінде тұрған басты мәселесі екенін атап өтті.

«Қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды.

Бізге өңірішілік сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет. Бұл жерде тауар айналымының құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн», –  деді ол.

Одан әрі ол жекелеген елдердің күні бүгінге дейін шекара мәселесін реттей алмай жатқанын, осының өзі өңірдегі тұрақсыздыққа алып келетінін жасырмады.

«Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс», –  деді президент.

Оның айтуынша, қазіргі әлемде ақпараттық кеңістіктегі келеңсіз жайттардың алдын алу жөніндегі өзара іс-әрекеттердің маңыздылығы артып келеді. Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салдарынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігер зая кетеді.

Дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмау үшін салалық ведомстволарымыз бен қоғамдық ұйымдарымыз тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе біздің мемлекет қайраткерлеріміздің саяси жауапкершілігіне де байланысты.

Осы ретте ол кейбір елдерде стратегиялық саясатты бірге ұстанатын көрші мемлекеттерге (Қазақстан, –  ред.) қатысты арандатушылық сипаттағы сөздердің айтылып келе жатқанын мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, кейбір елдерде серіктес мемлекеттерге, соның ішінде мемлекет басшыларына қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр. Мұндай жағдай ашу-ыза туғызатыны заңдылық және деструктивті күштер үшін ұтымды болмақ. Осындай сөздер біздің ынтымақтастығымызға нұқсан келтіреді», –  деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама