×

Құс еті бір жылда 28%-ға қымбаттаған

Отандық компаниялар сұранысты 71%-ға қамтамасыз еткен

 Дәурен Ерболат 15.09.2022 | 11:03
Фото: tazabek.kg

Қазақстанда құс етінің бағасы бір жылда 28%-ға өскен, деп хабарлайды Energyprom.kz.

Биыл қаңтар-шілдеде 64,2 мың тонна құс еті (жаңа сойылған және мұздатылған) өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ға артық.

Сондай-ақ 75,9 мың тонна тоңазытылған құс еті өндірілген. Бұл 2021 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 0,1%-ға көп.

Өндірістің басым бөлігі Алматы және Ақмола облыстарына тиесілі. Мысалы, Ақмола облысында 38,4% жаңа сойылған құт еті, 18,6% тоңазытылған құс еті, Алматы облысында 16,6% жаңа сойылған, 50,6% тоңазытылған құс еті шығарылған.

Биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша отандық компаниялар құс еті мен қосымша тамақ өнімдеріне сұранысты (ішкі нарықта өткізу плюс экспорт) 71,1%-ға қамтамасыз еткен. Былтырғы көрсеткіш – 68,9%.

Осы кезеңде ішкі нарықта 196,8 мың тонна құс еті сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3%-ға артық.

Тамыздың қорытындысы бойынша құс етінің бағасы бір жылда 27,9%-ға өсті. Оның ішінде тауық 25,9%-ға, тауықтың сан еті 28,5%-ға, тауықтың төс еті – 29,3%-ға, тауықтың сирағы мен саны 29,5%-ға қымбаттаған.

Тауық етінің бағасы Маңғыстау облысында айтарлықтай өскен: 43,8%. Сондай-ақ Ақтөбе (37,8%) және Павлодар (35,2%) облыстарының тұрғандары қымбатшылықты сезінген.

Бағаның ең аз деңгейде көтерілуі Қараған облысында болды: бір жылда 15%.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама