×

«Инвесторлар шығып кетті». Бақыт Сұлтановтың жобасын жаңа министр неге жауып тастады?

Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі нысандар жеке меншікке берілмек

 Бауыржан Мұқанов 13.09.2022 | 15:14
Коллаж: Halyq Uni

2019 жылдың маусым айынан 2022 жылдың тамызына дейін премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі болған Бақыт Сұлтанов осы қызметке тағайындала салсымен республика бойынша 24 көтерме-сауда орталықтарын (КТО) құруға кіріскен. Жоспар бойынша бұл азық-түлік қымбаттамауы үшін және тапшылық болмауы үшін қор жинайтын орталық болуы тиіс еді.  

Үш жылдан бері 24 нысанды салу үшін бюджеттен қаржы қарастырып, кейбірінің келісімшарты құрылған. Бақыт Сұлтановтың айтқанындай, әр КТО құрылысына шамамен 10 млн АҚШ доллары қажет болған. Республика бойынша жоспарланған 24 нысанға 240 млн АҚШ доллары жұмсалуы тиіс болған.

Алайда 15 тамызда Президенттің жарлығымен министрліктен босатылып, орнына міндетін атқарушы болып Серік Жұманғарин тағайындалды. Сол күні министрлік баспасөз қызметі жоспарланған 24 КТО-ны салудан бас тартатынын жариялады. Себебі қаражаттың жетіспейді және азық-түлік бағасын ұстап тұруда тиімсіз көрінеді.

Осы орайда, Halyq Uni редакциясы аталған КТО-ларды салуда бұрынғы министр Бақыт Сұлтановтың жеке мүддесінің болған-болмағанын анықтау үшін министрлікке сауал жолдап кей мәселелерді нақтылаған еді.

ЖОБА ҚЫМБАТТАП КЕТТІ

Министрліктің мәліметінше, бастапқыда жоғарыда айтылғандай 24 КТО құрылысы қарастырылған. Соның ішінде 15 қойма КТО-ны Шеңгелді ауылында, Еңбекшіқазақ ауданында, Райымбек ауданында, Ұйғыр ауданында, Алматы облысында, Ақсу қаласында, Мичурино кентінде, Тереңкөл өзенінде, Павлодар облысында, Шу қаласында, Жамбыл облысында, Орал қаласында, Ақтөбе қаласында, Атырау қаласында, Жетісай өзенінде, Түркістан облысында және ШҚО-да салу жоспарланған. Тағы 6 тарату КТО-ны Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Атырау және Өскемен қалаларында және  3 сауда КТО-ны Нұр-Сұлтан, Шымкент, Түркістан қалаларында салмақ болған. Дегенмен, қаржылық мәселелерге байланысты жобадан бас тартып отырғаны хабарланады.

Биылғы жылдың қаңтарында базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты жоба қымбаттады, нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын қайта қарау қажет болды. Осылайша, модельді оңтайландыру барысында КТО салудан бас тарту туралы шешім қабылданды, деп жауап берді министрлік.

ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАР ДА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТАРЫН ЖОҒАЛТҚАН

Сонымен қатар, жобаны қаржыландырмақ болған жеке инвестор жобаның тиімсіз болуына байланысты келісімшартты бұзған. Ал Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында мемлекеттік меншіктегі КТО нысандарын министрлік тіпті жеке меншікке бермекші.

Нәтижесінде, 24 КТО құрылысы басталмағандықтан, республикалық бюджеттен қаражат алынбаған.

Есесіне қазіргі уақытта сауда және интеграция министрлігі бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу арқылы ҰТЖ желісін құру мәселесін пысықтауда, оған жұмыс істеп тұрған жеке КТО, көкөніс сақтау қоймалары, ӘКК және нарықтың басқа да қатысушыларын қосу жоспарланып отыр.

«Осы модель бойынша ҰТЖ желісін құру республикалық бюджеттен нақты шығындарсыз жеке инвесторлардың қаражатын тартуға мүмкіндік береді», дейді министрлік.

Қазіргі уақытта ҰТЖ желісін құрудың осы моделі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында жатыр.

ЖАҢА МИНИСТР БАҒАНЫ ҚАЛАЙ ҰСТАМАҚ?

Министрліктің мәліметінше, азық-түлік қымбатшылығының ең басты себебі делдалдар. Онымен күресу үшін ведомство делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялар құрған.

Сонымен қатар 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөнінде шаралар кешенін қабылданып, соның аясында 230 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

«Нәтижесінде 2024 жылға қарай импортқа тәуелді негізгі тауарлар (алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, құс еті) 100% өзімізден шығады», деп уәде берді министрлік.

Ведомствоның хабарлауынша, жыл соңына дейін Үкімет отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ірі сауда желілеріне шығаруға қолдау көрсетуге бағытталған заңнамалық бастамалар ұсынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама