×

Жөнделіп жатқан жолдарды министрдің өзі ескертусіз тексермек

«Қызылорда-Жезқазған» жолын жөндеу үшін 108 млрд теңге керек

 Дәурен Ерболат 31.08.2022 | 10:36
Фото: ИИДМ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жөнделіп жатқан жолдарды ескертусіз өзі тексереді. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды.

Алдымен ведомство басшысы «Қызылорда-Жезқазған» жолы туралы толық хабардар екенін, бұл мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті.

Қайырбек Өскенбаев жұмыс сапарлары барысында өңірлердегі жол құрылысын тексеруді жалғастырып жатқанын жеткізді.

Жұмыс орнында отырып, мәселені сырттай бақылап, тапсырма беру – бір басқа. «100 рет естігенше, бір рет көр» демекші, жұмыс жүргізіліп жатқан жерге келіп, өз көзіңмен көру – бөлек, - деді ведомство басшысы.

Министр демалыс күндері де құрылыс жұмысы жүріп жатқан нысандарға ескертусіз баратынын айтты. Сондай-ақ ол «Қызылорда – Жезқазған» жолының жағдайына тоқталды.

Ұзындығы 412 шақырым болатын автожол учаскесі өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Жоба 10 учаскеден тұрады: Қызылорда облысының аумағында – 6, Қарағанды облысында – 4. Жобаның жалпы құны – 108 млрд теңге. Оның шеңберінде 2 көлік айрығы, 3 көпір, 45 темірбетон құбыр мен 6 демалыс алаңын салу көзделіп отыр. Жолдың жағдайынан толық хабардармын. Бұл мәселе жеке бақылауымда, - деді Қайырбек Өскенбаев.

Ол президенттің автожолдарға қатысты берген тапсырмасы орындалып жатқанын айтты.

«Бұл біркүндік мәселе емес. Ол жүйелі түрде шешілуі тиіс, яғни уәдені үйіп-төгудің қажеті жоқ деп санаймын», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама