×

Мұнай бағасы: үш жылға оптимистік және пессимистік болжам жасалды

2023 жылы 93 млн тонна мұнай өндіріледі

 Дәурен Ерболат 27.08.2022 | 10:37
фото: ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2023 – 2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын ұсынды, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Жиында «Ұлттық қордан 2023 – 2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы», «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023 – 2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобалары қаралды.

Болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректер, Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптастырылды.

«Осылайша, халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3% құрайды. Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған үш сценарийі әзірленді.

Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде және доллардың есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9% құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%», - деді министр Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110 доллар, ал доллардың бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2% деңгейінде болады деген болжам бар.

Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60 доллар және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды. Инфляция барлық сценарийде 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы – 4-5%, кейіннен 2025 – 2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді, - деді Әлібек Қуантыров.

Бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады.

«Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2 %-ға дейін жеделдейді. Номиналды ЖІӨ 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу болады деген болжам бар... Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды, - деді ведомство басшысы.

Осы уақыт аралығында Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд доллардан 84,6 млрд долларға дейін, импорт 45,7 млрд доллардан 53,5 млрд долларға дейін өседі.

Атап айтқанда, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейтін болады.

Олар 2023  жылы 1,4 трлн теңгеге, 2024-ші жылы тағы 800 млрд және 2025 жылы тағы 500 млрд теңгеге азаятын болады. Бұл – өте маңызды аспект, - деді премьер-министр Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама