×

«Қаңтар қайталануы мүмкін». Халықтың несиесі тағы 40% көбейді

Бизнеске 8 трлн, халыққа 12 трлн теңге несие берілген

 Ербол Тұрымбет 12.08.2022 | 09:17
Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық банк мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-маусым аралығында бизнеске берілген несие 12,7%-ға, халыққа берілген қарыз 40%-ға артқан.

Қазір елдегі несие порфелі 20,1 трлн теңге десек, соның шамамен 12 трлн теңгесі халықтың, 8 трлн теңгеден астамы бизнестің берешегі. Оның ішінде несиесін төлей алмай, 90 күннен асырып алғандардың үлесі жыл басында 3,3% болса, қазір 3,6%-ға жеткен.

Ал жыл басында елде тұтынушылық несиесінің көлемі 6,3 трлн теңгеден асқаны мәлім болған еді. Сарапшылар жұрттың осылай несиеге бата беруі тағы бір «қаңтар оқиғасына» әкелуі мүмкін екенін айтады.

НЕСИЕ ҚАМЫТЫ 2014 ЖЫЛДАН БЕРІ БАР

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, азаматтардың несиесінің артуы біздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жарқын көрінісі. Демек жұрттың табысы күнделікті басты қажеттіліктеріне жетпей жатыр деген сөз. Оның пікірінше, бұл үрдіс күні кеше басталған жоқ, 2014 жылғы девальвациядан кейін қалыптасқан «тренд». Соңғы 5-6 жыл ішінде тіпті ушығып кетті.

Әлеуметтанушы оның бірнеше қаупін тізіп берді. Біріншісі, халықтың несиелерін қайтара алмауы банк жүйесін дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Екіншісі, әлмеуметтік қауіп, яғни, қоғамда қарызын қайтара алмай жүргендер көп болған сайын, олардың түрлі әлеуметтік ауытқуларға, оның ішінде алкоголизмнен бастап қылмысқа баруы жиілеуі мүмкін. Жалпы, қоғамдағы моральдық-психологиялық жағдай нашарлауы мүмкін.

Саяси қауіп ретінде де қарастыру керек. Қарызын қайтара алмай жүргендердің наразылық деңгейі де жоғары болады. Себебі олардың қарызды жинайтын коллекторлық жүйе қалыптасқан. Олар ешкімнің жағдайына қарамастан бүкіл мүлкін бұғаттап тастайды. Қоғамдағы осындай кішігірім жанжалдар ұлғайып, үлкен конфликтіге ұласуы мүмкін, дейді әлеуметтанушы.

Сондықтан, оның сөзінше, несие мәселесінің түрлі әлеуметтік және психологиялық салдары бар. Ол қоғамдағы әділетсіздік, жемқорлық, саясатта өзгерістің болмауы, әкімдердің жылдар бойы аймақты басқарып, еш нәтиже бермеуі сынды бірнеше экономикалық, саяси факторлармен біріккен кезде «қаңтар оқиғасы» сияқты тағы да үлкен дағдарысқа жол ашады.

ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ КӨЗДЕГЕН МАҚСАТЫ ОРЫНДАЛМАЙ ОТЫР

Қазір елімізде шетелдік және отандық екінші деңгейлі 22 банк жұмыс істеп жатыр. Биылғы жартыжылдықта олардың табысы 355 млрд теңге болды. Бұл былтырғы жартыжылдықтағыдан шамамен екі есеге аз.

Елдегі инфляция деңгейінің өсіп бара жатқанына алаңдаған Ұлттық банк өткен айдың 26-сы күні базалық мөлшерлемені 14%-дан 14,5%-ға көтерген еді. Жалпы, бұл биылдыққа бесінші рет өзгеруі, бесеуінде де көтерілді. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың сөзінше, бұл шаралардың нәтижесін тек 1-2 жылдан кейін ғана, яғни 2023-2024 жылдары сезіне бастаймыз.

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі заңды тұлғаларға берілетін несие пайызынан көрініс табады. Ал жеке тұлғалардың несие пайызының орташа көрсеткіші жыл басынан бері біршама төмендеген. Қаржы мамандарының айтуынша, базалық мөлшерлеменің көтерілуі қарапайым тұтынушылар несиесіне болмашы ғана әсер еткен. Яғни, несие пайызын көтеру арқылы жұртты несиеден арылту, тұтынушылардың шығынын азайту мақсаты орындалмай отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама