×

Жеңіс Қасымбек тұрмысы төмен отбасыларды санап шықпақ

Өңір басшысы халықтың табысын арттыруға күш салады

 

 Дәурен Ерболат 18.07.2022 | 10:44
Фото: primeminister.kz

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек президент тапсырмасын орындау үшін өңірдегі тұрмысы төмен отбасылардың нақты санын білуге ниетті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі

Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған президенттің тапсырмалары Қарағанды облысының әкімдігінде қалай орындалатыны талқыланды. Облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарын тездетіп, мердігерлерден жұмыс сапасы қатаң сұралуы тиіс екенін атап өтті.

Облыста өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 5 жылда 122 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру міндеті тұр, оның 38 мыңы – тұрақты. Енді биыл 32 мың жұмыс орны құрылуы керек.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру, жастар саясаты басқармаларына қалалар және аудандармен бірлесіп, жастарды белсенді жұмыспен қамтамасыз ету шараларымен қамту мәселесі бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырамын, – деді Жеңіс Қасымбек.

Ол отбасының цифрлық картасына тоқталып, табысы күнкөріс деңгейінен төмен барлық отбасыны анықтап, нақты көмек көрсетуді тапсырды.

Қарағанды облысының әкімі өнеркәсіпте жаңа жобалар жетіспейтінін атап өтті. «Қазақинвест» өңірлік филиалының жұмысы сынға алынды. Ол барлық жобалар бойынша мониторинг жүргізуді және экономиканы әртараптандыруға бағытталған жаңа жобалар пулын әзірлеуді тапсырды.

Шетелдік компаниялар үшін бізде «Сарыарқа» АЭА және Saran индустриялық аймағы аумағында жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік алаңдар түріндегі инфрақұрылым бар, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарының сапасына да тоқталды. Биыл облыста 1200 шақырымнан аса республикалық және жергілікті трассалар қамтылды. Барлық қала мен ауданның әкімдері жол жөндеу сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.

«Қазавтожол» филиалына жол бойындағы қызмет көрсету деңгейін арттыру бойынша жоспар ұсыну керек.

«Біз екі есе күш-жігермен жұмыс істеуіміз керек. Негізгі міндеттер – жұмыс орындары, халықтың табысын арттыру, инфляцияны тежеу», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама